• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

Mazhab Ustanbaim deitinderge Jauap

Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы «мәзһаб» делінеді.
Мәзһаб ұғымын жете түсіне алмаған шала сауатты кейбір адамдар халық арасында: «Сен, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде Ханафи мәзһабын ұстанасың ба?» дегендей сөздерімен Ханафи мәзһабын ислам дінінен бөлек етіп көрсетуге тырысуда. Әрине, мұндай сөздердің астарында мәзһаб ұстанушылардың адасқандығы меңзелгендіктен, ел арасында діни дүрдараздық пен бүлікке себеп болуда.
Ханафи мәзһабы Пайғамбар (с.ғ.с.) жолынан бөлек, жеке басына дара жол емес. Мұхаммед Ғазали: «Мәзһабтар – Исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері» десе, Ибн Тәймия: «Ислам мәзһабтары – жұмаққа жетелер жолдар» (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.) деп мәзһабтардың исламды түсіндіруші мектептер екенін білдірген.
Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағыналарымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді.
Мысалы, басқа мәсіх тартуды әмір еткен «Маида» сүресінің 6-аяты: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар»,– дейді. Бұл аятта басқа мәсіх тартудың көлемі нақты белгіленбегендіктен, шафиғиларда бастың кішкентай бөлігіне мәсіх ету, тіпті, су себу жеткілікті. Ал ханафиларда, кем дегенде, бастың төрттен біріне мәсіх ету парыз болса, малики және ханбалиларда басты түгел мәсіх ету парыз. Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрі дұрыс. Себебі, барлығы берген пәтуаларын аятта қолданылған «бастарыңды» деген мағынаны білдіретін «руусикум» сөзінің алдына қосылып жазылған «ب» яғни, «б» әрпінен шығаруда. Араб тілінде «б» әрпі әр түрлі мағынада келеді:
1. «әз-Зайд» – Өзіндік ешқандай мағынасы жоқ, тек өзінен кейінгі сөзді көркемдеу үшін келеді.
2. «Лит-табъид» – «Кейбір» деген мағынаны білдіреді.
3. «Лил-илтисақ» – «Тигізу, жанастыру, бітістіру» деген мағыналарды білдіреді.
Міне, сондықтан Имам Ахмед пен Имам Малик: бастың барлық жерін мәсіх ету керек дейді. Себебі, бұл жердегі «б» әрпі тек қана сөзді әдемілеу үшін келген (зайд) яғни жеке тұрғанда мағынасы жоқ артық әріп дейді.
Ал Әбу Ханифа болса, бұл жердегі «б» әрпі «кейбір» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, бастың кейбір жерін мәсх етсе, жетіп жатыр дейді.
Ал имам Шафиғи болса, бұл жерде «б» әрпі «тидіру, біріктіру, жабыстыру, жанастыру» мағынасында келгендіктен, тек қана қолдың басқа жанасуы, бірнеше шашқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген.
Жоғарыдағы «Би» әрпінен байқағанымыздың Құран және хадистердің бір сөзі, тіпті, бір әрпі көптеген үкімдерге негіз бола алады. Сондықтан, араб тілін жетік меңгермеген адамның өздігімен ижтихад жасаймын деуі үлкен қателік.
Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы келетін, яки бір қарағанда қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Және хадистердің «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсіз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Алла тағаланың өзі барлық мұсылмандарды мұндай ауыр жүкпен міндеттемейді. Керісінше, Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят),– деп білім иелеріне жүгінуді жүктеген. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бақилық болғаннан кейін сахабалар мен табиғиндардың Хижаз аймағындағылары АбдуллаҺ ибн Омардан, ал Куфадағылары Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды ғалым сахабалардан фәтуа сұрап, солардың айтқан үкімдерін негізге алып амал еткен болатын.
Ендеше, ана тілдері арабша, әрі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды көздері көрген сахабалардың және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінген болса, кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба фәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұқият зерттеген мүштәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру, әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал, өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы, әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін. Бейнебір асау толқынды теңізге желкені жоқ әлсіз қайықпен шыққан ақылсыз бейшараға ұқсамақ. Міне, сондықтан, Ханафи мәзһабы исламнан бөлек, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен өзгеше жол емес, керісінше, Құран аяттары мен хадистерде білдірілген ақиқаттарды анықтап, үкімдерді халыққа түсіндіруші мектептердің бірі болмақ.
“Мәзһаб ұстанбаймын” деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: Физика ғылымында ғалымдардың анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адам-дар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады.
Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ал ол үшін ондай адам зеректілік пен ыждықат бойынша өзінің алдындағы оқымысты ғалымдардан да асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жетпеген жан болса, мәзһабсыз жүрем деуі де бос әурешілік.
Бірде маған бір студент: «Мен мәзһаб ұстанбаймын»,– деді. Мен оған: «Жоқ, ұстанасың»,– дедім. Ол маған: «Қалайша»?– деді. Мен оның кімнің діни мектебінен сусындап жүргенін сезгендіктен: «Сен, Насруддин Албанидің мәзһабын ұстанасың ғой»,– дедім. Егер менің осы сөзім жаңсақ болса, аты аталған кісінің жаңылысқан бір жерін айтып берші»,– дедім. «Сен, соның дұрыс дегенін – дұрыс, бұрыс дегенін – бұрыс деп айна-қатесіз қабылдайсың. Міне, сен, «мәзһаб ұстанбаймын» дейсің, бірақ іс жүзінде мәзһабтасың»,– дегенімде қатты ойға қалды.
Ижтиһад жасауға ғылыми деңгейі жетпейтін бұқара халық егерде тарихта өзін дәлелдеген һәм ұстанымдарын Құран мен сүннетке негіздеген Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали секілді мәзһабтармен жүрмесе, онда жалпы қоғамда анархия, бейберекеттік белең алады. Әр адам Құранды өзінше шала түсініп, нәпсілерінің қалауына қарай жорамалдай бастайды. Үкім шығаруда белгілі бір тәсіл мен ереже-қағидаларды ұстанбағандықтан, өздері де адасады, өзгені де адастырады. Мұндай жағдайда қоғамда төрт мәзһаб емес, сансыз қате «мәзһабтар» дүниеге келеді.
Қазіргі таңда мәзһабсыздықтың туын көтеріп, сойылын соғып жүргендер, шын мәнінде, халықты өздерінің түсінген шала діни ұғымына, яки өздері жақтап жүрген басқа бір адамның жолына – «мәзһабына» шақыруда.

Сахих хадистер тұрғанда мәзһабтарға қандай қажеттілік бар?
«Қазіргі таңда хадис кітаптары алдымызда, қай хадистің сахих, ал қайсысының әлсіз екені де белгілі. Олай болса, «Мәзһаб ұстанудың қажеттілігі жоқ» дейтін түсінік мүлде дұрыс емес. Олай дейтініміз:
Біріншіден, фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсіз хадиспен де амал етіледі. Мысалы, «әлсіз» делінген хадис басқа жолдармен риуаят етілсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесіне көтеріледі. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады. Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді» (әт-Тирмизи, 3308. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1923. Муснад Абд ибн Хамид, 40. әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 7252. Субулус-сәлам шарху булуғул-Марам лис-Санғани). Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар деді» (Әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1924. Және қосымша қараңыз: Әбу Дәәуід, Бабуд-Дуға. Муснад Абд ибн Хамид, 717),– делінген.
Жоғарыдағы келтірген хадис-тердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ, әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан, хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты 15 томдық түсіндірме жазған Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани өзінің «Булуғул-Марам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегінде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегі хадисті келтіргеннен кейін: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген, мысалы, Ибн Масғудтан. Сондықтан, бет сипауға байланысты хадистердің топтамасы бұл хадистің «хасан» болуын қажет етеді» деген. Ғалым Мухаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсіндірме етіп жазған «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың осы сөздерінен кейін: «Бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта бар екенін көреміз»,– дейді. (Субулус-сәлам, лис-Санғани).
Екіншіден, мәзһаб ұстанбай-мын деген адам хадистердің сахихтығы мен әлсіздігін өз біліміне сүйеніп біліп отырған жоқ. Хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтауына жүгініп отыр. Ал хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтау – әр хадис ғалымының хадис-терді қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректігі мен ыждақаттылығына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кейде бі-реуінің сахих дегенін екінші бірі қабылдамауы мүмкін. Әр хадисті өзі жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тізбектеріндегі мыңдаған адамның өмірбаянын жеке-жеке тексеріп, сараламаған қатардағы адам – хадис ғалымдарының сахих дегеніне – сахих, әлсіз дегеніне – әлсіз деп хадистерге берген үкімдерін айна-қатесіз қабылдайды. Бұл дегеніміз хадис ілімінде белгілі бір мәзһаб ұстанып отыр деген сөз. Ал енді фиқһта белгілі бір мәзһаб ұстауға қажеттілік жоқ деген адам хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиіс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелеріндегі мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы керек (Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһауани, Қауағиду Ъилмил-хадис, 466-457-бет. «Дарус-Салам» баспасы, Каир қаласы, 2000 ж).
Үшіншіден, хадистердің са-хих, әлсіз секілді дәрежелерінің белгілі болуы – үкім шығару үшін жеткіліксіз. Себебі, хадистердің қайсысының үкімінің жалғасып, қайсысының мәнсұх болғанын білмек керек. Қайсысының қандай жағдайда айтылғанын білу үшін мыңдаған хадистерді толық оқып, ондағы нәзік мағыналарды бір-бірімен салыстырып бүтіндей білу қажет. Ал, мұның бәрін базарда саудада тұрған яки көлік жүргізіп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес-алты жыл діни ілім алып шыққан маман да біле бермейді. Мысалға, хадис кітабынан сахих хадис көрсем болды сонымен амал ете беремін дейтіндерге: «Құранда: «Не айтқандарыңды білмейтіндей мас күйінде намазға жақын-дамаңдар» деген аят бар. Бұл аяттың Алладан келгендігене еш күмән жоқ. Ал енді осы аятты көре сала, амал етесің бе? Яғни, мас болмайтындай деңгейде арақ ішуге болады ма?» – десек, ол дереу: «Жоқ» бұл аятпен амал етуге болмайды. Себебі, бұл аяттың үкімі тоқтап, мәнсұх болған. Құранның араққа байланысты кейіннен түскен басқа да аяттарын саралап барып, үкім шығару керек. Яғни, мәселеге бүтіндей қарау қажет. Құранның «Мәйда» сүресінде: «...Араққа мүлде жақындамаңдар!» деген кейіннен түскен аяты бар»,-деп жауап береді. Біз оларға, жауабыңнан Құранның аяттарын көре сала амал етпейтінің белгілі болды. Бірақ, неліктен сахих хадисті көрсем болды, сонымен амал етемін деп асығыстық жасайсың. Мыңдаған сахих хадистер бар. Олардың арасында да көптеген мәнсұх болып, үкімі жойылған хадистер бар емес пе? Бұған қоса бір ғана сахих хадистің өзін әртүрлі түсінуге болады ғой деген уәж айтылса, мардымды жауап таба алмай жерге қарайды.

Неліктен Әбу Ханифа кейбір сахих хадистермен амал етпеген? Мысалы, екі намазды қосып оқуға байланысты сахих хадисті тәрк еткен. Абу Ханифаның «сахих хадис көрсеңдер, сол менің мәзһабым» деген сөзі бар емес пе?
Әуелі, Әбу Ханифа хадис ілімін жете меңгерген заманы-ның шоқтығы биік ғалымы екенін ұмытпауымыз қажет. Бұл жайлы хадис ілімінің сұлтаны әл-Бухаридің шейхі саналатын Иахия ибн Адам: «Нұғман (Әбу Ханифа) өлкесіндегі барлық хадистерді жинады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қандай нәрсе алынса да, ақырына дейін зерттейтін»,– десе, Әл-Бухаридің рауилерінен Хасан ибн Салих: «Әбу Ханифа насих пен мәнсұхты өте жақсы зерттеген, әрі куфалықтардың арасында хадистерді ең жақсы меңгерген, сондай-ақ, көпшілік жамағаттың ұйыған нәрселерін берік ұстанатын және өлкесіне жеткен барлық хадистер мен әсәрларды жаттайтын адам еді» (Исмайл Хаккы Унал, Имам Әбу Ханифаның хадис түсінігі және ханафи мәзһабының хадис методы. 56-57 бет),– деп Әбу Ханифаның хадис ғылымындағы ерекше орнын айтқан.
Ал енді оның кейбір сахих хадистермен амал етпеуіне келер болсақ, ханафи мәзһабында әр сахих хадис дәлелге жатпайды. Яғни, сахих хадистердің өзі арнайы шарттар арқылы ғана дәлелге саналады. Осы шарттарды бірер мысал бере отырып талдамас бұрын мына терминдерге түсінік бере кетейік:
Сахих хадис – «әділет (тақуалық пен адамгершілік қасиеттер) және дабт (жақсы есте сақтау мен терең түсінік) сипаттарына ие кісілердің үзілмеген шежіре бойынша риуаят еткен шәзз және міндерден аман хадистері;
Мутауатир хадис – әдейі немесе білместіктен жалған ақпаратта бірігулері мүмкін емес бір үлкен жамағаттың, екінші бір сондай жамағатқа риуаят еткен хабары»;
Ахад хадис – мутауатир ха-дисте талап етілген көлемге жетпейтін аз ғана кісілердің риуаят еткен хабары.
Бірінші шарт:
«Ахад» жолмен жеткен сахих хадистің дәлелге саналуы үшін ондай хадистің Құранның және Мутауатир хадистердің жалпылықты білдіретін үкімдеріне қайшы келмеуі керек. Яғни, «ахад» жолмен жеткен сахих хадис – Құранның, яки, басқа «Мутауатир» сахих хадистердің білдірген үкімдерінің жалпылығын (ъамм) кейбір жағдайларға байланысты жалқылай (тахсис) алмайды.
Мысалы, Құранда: «Сөзсіз намаз мүміндерге арнайы белгіленген уақыттарда (оқылуы) парыз етілді»,– деп әрбір намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Сондай-ақ, көптеген мутауатир сахих хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі әрі әрқайсысының белгіленген өз уақытында оқылуы керектігі жайлы айтылған. Яғни, Құранда да, мутауатир хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Ал енді осы үкімнің жалпылығын, яғни әр намаздың жеке уақытта оқылуының парыздығын жолаушылық секілді кейбір жағдайларға байланысты өзгерту үшін өте қуатты дәлел керек. Дәлел ретінде қолданылатын хадистің тек қана сахих болуы жеткіліксіз. Себебі, ахад жолмен жеткен сахих хадисте өте аз болса да шүбә бар. Ал мутауатирде тозаңдай күмән жоқ. Сондықтан, мутауатир жолмен бекітілген жалпы үкімді ахад жолмен жеткен хадистер арқылы өзгертуге болмайды. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабында сапар кезінде екі намазды қосып оқуға рұқсат етілмейді. Себебі, сапар кезінде намаздарды қосып оқудың болатындығын білдірген хадис – сахих болғанымен, ахад жолымен жеткен. Яғни, мутауатир емес. Осыған бай-ланысты ханафи ғұламалары сапар кезінде екі намазды қосып оқудың болатындығын білдіріп келген сахих хадисті Құран мен мутауатир хадистердің жалпы үкіміне сай етіп жорамалдаған. Мысалы, хадистегі бесін мен екінді намаздарының қосылып оқылуын – бесінді өз уақытының соңғы сәтінде, ал екінді намазын алғашқы уақытында оқыды деп жорамал жасаған. Яғни, хадистегі қосып оқу – сырттай қосып оқуға жатқанымен, шын мәнінде, қосып оқуға саналмайды деп тұжырым жасаған (Ханафи мәзһабында қажылық кезінде Арафатта бесін мен екінді намаздарын, Муздалифада ақшам мен құптан намаздарын қосып оқу сүннет. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.а.у.) Арафатта және Муздалифада аталмыш намаздарды қосып оқығандығын білдіретін хадистер мутауатир жолмен жеткен).
Міне, сондықтан, «Ханафи мәзһабында неліктен екі намазды қосып оқуға болмайды? Сахих хадис тұр ғой. Демек, Әбу Ханифа бұл сахих хадисті білмеген»,– деп асығыс үкім беру қате. Себебі, Әбу Ханифаның мұндай үкімге баруы – сахих хадисті білмегендігінен емес, керісінше, «Құран немесе мутауатир хадистермен дәлелденген жалпы үкімдерді ахад хадистермен жалқылауға (тахсис) болмайды» деген үкім шығарудағы қатаң ұстанымында жатыр. Яғни, Әбу Ханифа Құран немесе мутауатир хадистердің білдірген үкімдерін «занни» (өте аз да болса күмәнға ие) дәлелдермен өзгертпеу үшін ахад хадистерге сахих болса да аса сақтықпен қараған.
Екінші шарт:
Ахад жолмен жеткен сахих хадистің дәлелге саналуы үшін оны жеткізген кісі өзі риуаят еткен хадиске қайшы амал етпеуі қажет. Мысалы, мутауатир емес, ахад жолмен жеткен сахих хадисті риуаят еткен сахаба егер өзі жеткізген хадиске қарама-қайшы әрекет етер болса, ондай жағдайда Ханафи мәзһабы бойынша оның жеткізген хадисі емес, амалы негізге алынады. Себебі, хадисті жеткізушінің өзі жеткізген хадис бойынша емес, басқаша амал етуі – ол хадистің үкімінің мәнсұх болғандығынан болуы әбден ықтимал. Олай болмағанда, жеткізушінің өзі риуаят еткен хадиске қарама-қайшы әрекет етуі – хадистің сахих болуы үшін қосылған жеткізушінің бойында болуы тиіс «әділет» шартына зиян келтіргендіктен, хадис сахихтығын жоғалтады. Мысалы, Ханафи мәзһабында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан риуаят етілген «Ыдыстарыңызды ит жаласа, онда оның тазалалығы ыдысты жеті рет жуу, әрі біріншісін топырақпен ысу арқылы жүзеге асады» деген хадисі бойынша амал етілмейді. Себебі, хадисті жеткізген Әбу Һурайраның өзі іс жүзінде ит жалаған ыдысын үш рет жуғандығы жайлы дәйекті риуаят бар. Ендеше, Әбу Һурайраның өзі риуаят еткен хадиске қарама-қайшы әрекет әрекет етуі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл мәселеге байланысты кейіннен айтқан басқа бір хадисін білгендігінен туындауы ықтимал. Яғни, Әбу Һурайра өзі риуаят еткен хадис үкімінің мәнсұх болғандығы үшін басқаша амал жасаған. Сондықтан, сөзі емес, ісі негізге алынады.
Үшінші шарт:
Сахих хадис дәлел ретінде қабылдануы үшін хадисті риуаят еткен кісі егер фақиһ, яғни, шариғи мағыналарды терең түсінетін, әрі ижтиһадымен танылған адам болмаса, онда ондай кісінің риуаят еткен хадисі – сол мәселеге байланысты фиқһ ілімінде одан да тереңірек басқа бір адамның риуаят еткен хадисіне қайшы келмеуі керек.
Яғни, Ханафи мәзһабында ахад жолмен жеткен сахих хадис діндегі жалпы ережеге және басқа сахих хадиске қайшы келген жағдайда, хадисті риуаят еткен кісінің фиқһ ілімін меңгеріп-меңгермегендігі, фәтуа берумен шұғылданып-шұғылданбағандығы ескеріледі. Егер хадисті жеткізген кісі фақиһ болмаса, яғни, хадистердегі сөздердің шариғи мағынасын терең түсінетін кісі болмаса, ондай кісінің риуаят еткен хадисі – басқа сахих хадистермен қайшылыққа түскен жағдайда негізге алын-байды. Себебі, хадистерді сөзбе-сөз емес, мағынасы бойынша риуаят ету жиі болғандықтан, хадис сөздерінің шариғи мағынасын жетік түсінбеген адам, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолданған сөздің дәл мағынасын білдіретін сөзді таңдап қолданбауы ықтимал. Ал бір сөздің, тіпті, бір әріптің өзі дұрыс таңдалмаған жағдайда, көптеген үкімдерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан, сахих хадистер арасында қайшылық туған жағдайда, сөздердің мағынасын жақсы түсінетін фақиһ рауилердің риуаяттары негізге алынады. Ханафи мәзһабындағы осы ұстанымға байланысты Әбу Ханифа мен әл-Әузағидың арасында болған мына бір қызық оқиғаны бере кетейік:
Суфиян ибн Ъуиайна риуат етті: «Әбу Ханифа мен әл-Әузағи Мекке қаласында Дарул-хаййатинде кездесті.
Әл-Әузағи Әбу Ханифаға:
– Сендер, рүкүғқа бара жатқанда және одан қайтқанда қолдарыңды неліктен көтермейсіңдер?– деді.
Әбу Ханифа:
– Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазға кірерде және рү-күғқа бара жатқанда, әрі одан қайтқанда қолын көтергендігіне байланысты хадисі сахих емес,– деп жауап берді.
Әл-Әузағи:
– Қалайша? Маған Зүһри Сәлімнен, ал Сәлім әкесінен (Абдуллаһ ибн Омардан), ал әкесі: «Пайғамбарымыздың намазға кірерде және рүкіғқа бара жатқанда, әрі одан қайтқанда қолын көтергендігін» риуаят етті,– деді.
Әбу Ханифа:
– Ал бізге Хаммад Ибраһимнен, ал ол Алқама және әл-Әсуадтан, ал олар Ибн Мәсғудттан: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазға кірерде ғана қолын көтергендігін және бұл ісін намазда қайта қайталамайтындығын» риуаят етті,– деді.
Әл-Әузағи:
– Мен саған Сәлімнен және оның әкесінен (Абдулла ибн Омардан) хадис риуаят етіп отырмын. Ал сен болсаң Хаммад Ибраһимнен риуаят етті дейсің,– дейді.
Әбу Ханифа:
– Хаммад фиқһта Зүһриден де терең, Ал Ибраһим Нәхаъи болса, Сәлімнен де терең, Алқамә да Абдулла ибн Омардан кем емес. Абдулла ибн Омардың сахабалық артықшылығы бар болса, әл-Әсуадтың да көптеген артықшылықтары бар. Ал Ибн Масғудтқа аты аталғандардың ешқайсысы жете алмайды,– деп жауап берді» (Мұхаммед Әбу Зәһра, Әбу Ханифа, 244-бет. «Дарул-фикрил-араби» баспасы. Египет, Каир қаласы, 1997 ж.).
Жоғарыдағы оқиғадан байқа-ғанымыздай Ханафи мәзһабында бір мәселеге байланысты сахих хадистер арасында қайшылық туған жағдайда, қай сахих хадистің жеткізушілері фиқһта тереңірек болса, солардың риуаяты негізге алынады.
Төртінші шарт:
Ахад жолмен жеткен сахих хадистің негізге алынуы үшін оның күнделікті өмірде жиі қайтала-натын әрбір мұсылманның білуі тиіс мәселелерге байланысты болмауы керек. Мысалы, «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазда «Фатиха» сүресін оқыған уақытта «бисмилланы» да дауыстап оқитын» деген хадис бойынша Ханафи мәзһабында амал етілмейді. Себебі, намазда оқылған қырағат әрбір мұсылманның күнделікті намазда естіп, білетін мәселесі. Егер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шынымен-ақ «бисмилланы» дауыстап оқығанда, онда бұл хадис ахад жолмен емес, барлық сахабалар еститін болғандықтан, мутауатир жолымен жететін еді. Мутауатир жолымен жетпегендігіне қарағанда, бұл хадис негізге алынатындай сахих емес (Зәкюд-Дин Шаъбан, Усулул-фиқһил-ислами (Ислам Һукук илминин есаслары, 88-89 бет. Түркие дианет вакфы иаиынлары, 2006ж. ауд: Ибраһим Кафи Дөнмез). Бұл мысалға намазда «әминді» жария айту мәселесін де кіргізуге болады. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және сахабалары «әминді» үнемі жария айтқанда, «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әминді жария айтты» деген хадисі ахад жолмен емес, мутауа-тир жолмен жетер еді.
Жоғарыда келтірілген шарт-тарда түсіндірілгендей, Ханафи мәзһабында әрбір сахих хадис дәлелге жатпайды. Ендеше, Әбу Ханифаның кейбір мәселелерде сахих хадиске қайшы әрекет етуі, сол хадисті білмегендігінен емес, керісінше, ахад жолмен риуаят етілген сахих хадистерді қабылдаудағы аса сақтығынан. Яки, ол хадиске қайшы басқа бір сахих хадисті негізге алғандығынан. Немесе, ол сахих хадисті басқа бір қырынан түсінгендігінен деп білуіміз қажет. Ал енді белгілі бір мәселеге байланысты кейбір сахих хадистер Әбу Ханифаға жетпеуі де мүмкін ғой деген уәжге жиырма бір томдық «иълааус-сунан» атты мәшһүр кітаптың авторы Зафар Ахмад әл-Ъусмани әт-Таһанауи былай деп жауап береді: «Ханафи мәзһабы дегеніміз – тек Әбу Ханифаның берген фәтуалары мен пікірлерінің жиынтығы ғана емес, Әбу Ханифаның фәутуа шығаруда қолданған негізгі ережелер бойынша ғасырлар бойы мүжтаһид ғалымдардың шығарған фәтуларының жиынтығы екені сөзсіз. Белгілі бір мәселеге байланысты амал етілуге тиісті риуаят етілген сахих хадис Әбу Ханифаға жетпеген күннің өзінде Мұхаммед, Әбу Юсуф, Зуфар ибн Һузайл, Ибн Мүбәрак секілді шәкірттері хадис ілімінің жазылған шағына үлгерді. Одан кейінгі уақыттарда Ханафи мәзһабын ұстанған әт-Тахауи, әл-Кархи, «әл-Кафидің» авторы әл-Хаким, Абдул-Бақи ибн Қаниъ, әл-Мустағфири, Ибнуш-Шарқи, әз-Зайлаъи секілді басқа да хадис ілімінің білгірлері мен сыншылары хадис ғылымының кемелденіп, нақтыланған зама-нында өмір сүрген. Сондықтан, олар хадистердің сахихы мен әлсізіне, мәшһүрі мен ахадына көз жеткізді. Міне, сондықтан Әбу Ханифаның сахих хадистерге қайшы қияс жолымен берген барлық фәтуларын Мұхаммед, Әбу Юсуф, Зуфар, әл-Хасан секілді шәкірттері тәрк қылды. Тіпті, бұлар Әбу Ханифаның берген фәтуларының жартысында басқаша пікір білдірген. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабы Әбу Ханифа мен қоса осы кісілердің берген фәтуларының жиынтығы болмақ. Тіпті, ханафи мәзһабын ұстанған кейінгі хадис ілімінің білгірлері кейбір мәселеде Имам Шафиғидың, енді бірінде Имам Мәликтің, басқа бірінде Имам Ахметтің көзқарастарын таңдаған. Бірақ, мұның бәрі Ханафи мәзһабына жатады. Өйткені, бұл мәселелер таңдалған уақытта Әбу Ханифаның үкім шығаруда қолданған негіздері бойынша жүзеге асты. Қазір енді «әлхамдулиллаһ» біздің мәзһабымызда қияс жолымен берілген ешбір үкім Пайғамбарымыздың хадисіне қайшы емес. Кейбірі қайшы болғанымен, ол үкімімізді қуаттайтын басқа хадиске сүйенеміз. Немесе, берілген үкім хадиске сырттай қайшы болғанымен, ол хадисті басқаша жорамалдаймыз. Барлық мәзһаб имамдары мен олардың шәкірттері осылай жасаған» (Зафар Ахмад әл-Ъусмани әт-Таһанауи, Қауағиду фи ъулумул-хадис, 455-456-бет. «Дәрус-сәлам» баспасы, Каир қаласы, 2000ж.).

Бір мәселеде түрлі пікірлердің болуының қандай пайдасы бар?
Ислам діні – белгілі бір уақытқа ғана емес, қияметке дейін жалғасатын жүйе һәм нақтылы бір қауымға ғана емес, жер бетіндегі барша адамзатқа жіберілген ақырғы дін. Ал, мұндай діннің еш өзгермейтін негізгі (кулли) ата заңдарының жанында кейбір тармақ мәселелері адамзаттың ой-өрісінің жетілуі, заманының жылжуы, шарттар мен жағдаяттардың әрқилы болуына байланысты өзгеру мүмкіншілігіне ие боп келеді. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмметімнің (кейбір мәселелерде) әртүрлі көзқараста болуы – рақымдылық» деген. Себебі, адам мен заман, қоғам мен ахуалдың түрлі болуы – тармақ мәселелерде біргейлікті қабылдай бермейді. Міне, сондықтан мәзһаб ғұламалары діннің ата заңдары шеңберінде қоғамның менталитеті мен жаядаятын ескере отырып, кейбір тармақ мәселелерде түрлі үкімдер шығарған. Ал егер тармақ мәселелерде жаппай бірегейлік болғанда, мұсылмандар кей жағдайларда қиындыққа тап болар еді.
Мысалы, жоғарыда да білдіргеніміздей, Ханафи мәзһабында екі намазды біріктіріп қосып оқу тек қажылық мезгілінде Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Бірақ, басқа мәзһабтарда сапарда екі намазды қосып оқуға рұқсат. Осы мүмкіншілікті негізге ала отырып, Ханафи мәзһабындағы кісі ұзақ сапар кезінде көпшілікке арналған көлікте болғандықтан, дәрет алып намазын уақтылы оқи алмайтындай зәру жағдайға тап болса, онда Шафиғи мәзһабы бойынша екі намазды қосып оқып жатса, рақымдылық, әрі жеңілдік болмақ.
Тағы бір мысал бере кетейік. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар»– делінген аятында дәреттің парыздары көрсетілген. Ғұламалар арасында аты аталған ағзаларды рет бойынша жуудың парыз немесе парыз еместігіне байланысты екі түрлі пікір бар. Ханафилар парыз емес дейді. Себебі, аятта қолданылған «және» деген мағынаны білдіретін «уау» әрпі реттікті білдірмейді. Яғни, «жүздеріңді және қолдарыңды жуыңдар және бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды жуыңдар» делінген аталмыш аяттағы «және» сөзі белгілі бір ретті білдірмейді. Мысалы, «Мұхаммед және Ахмед келді» десек, олардың қайсысының бұрын келгендігі «және» сөзімен білдірілмейді деген уәж айтады. Ал шафиғиларда ағзаларды жууда ретті сақтау – парыз. Өйткені, Алла тағала аятта қолдарыңды, жүздеріңді жуыңдар дегеннен кейін аяқтарыңды жуыңдар деп үш жууды бірге қосып айтпай, арасына мәсіх тартуды кіргізген. Егер ретпен жуу парыз болмағанда, әуелі жүздеріңді, қолдарыңды, аяқтарыңды жуыңдар, сосын мәсіх тартыңдар деп мәсіх тартуды соңына қалдырар еді дейді. Ханафилар: «Үш жуудың ортасына мәсіх тартудың кіруі реттіктің парыздығын білдіру үшін емес, керісінше, қол мен жүзге бас жақын болғандықтан, аяқтан бұрын басқа мәсіх тарту айтылған» деген қарсы уәж айтады. Бірақ ханафи мәзһабында ретпен жуу парыз болмағанымен, сүннет амалға жатады. Енді, осы мәселеде екі түрлі көзқарастың болуы мұсылман үмметі үшін рақымдылық. Мысалы, дәрет алуда ағзалардың рет бойынша жуылуын парыз санайтын Шафиғи мәзһабын ұстайтын бір адам қоғамдық қол жуғышта аяқ жууды тыйым салатын бір мекемеде жүргенде дәретін Ханафи мәзһабы бойынша алу арқылы бұл қиыншылықтан шығуына болады. Яғни, Ханафи мәзһабында ағзаларды рет бойынша жуу парыз болмағандықтан, ең әуелі дәретханада аяғын жуып, сосын қоғамдық қол жуғышта қолы мен бетін жуып, басына мәсіх тарту арқылы дәретін тәмамдаса болады.

Тура тапқанға – екі, қателескенге бір сауап
Негізінде, Ислами мәселелер «Муттафақун а'лайһ», «Мухтәлафун фиһ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі – нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық Ислам ғұламаларының бір көзқарастағы мәселелері. Мысалы, Алланың даралығында, соңғы пайғамбардың Мұхаммед (с.ғ.с.) екендігінде, намаздың бес уақыттығында, зекеттің парыз екендігінде т.б. осы сияқты мәселелерде жалпы мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ. Мұсылмандардың бір көзқараста болған осындай мәселелеріне қарсы шыққан адамға: «Сенікі дұрыс емес, сен адасудасың»,– деп айта аламыз. Бірақ, «Мухтәлафун фиһ», яғни мұсылмандардың әу бастан әр түрлі көзқараста болған тармақ мәселелерінде белгілі бір көзқарасты таңдаған адам басқа бір көзқарастағы адамға: «Сендердікі дұрыс емес, тек қана біздікі дұрыс, біздің жол – ақиқат жолы, сендер, адасып жүрсіңдер»,– деп айта алмайды. «Бәлкім, менің таңдағаным, меніңше, дұрысырақ» деп қана айта алады. Өйткені, барлық мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері болғандықтан, «тек қана менікі дұрыс» деу – мұсылмандар арасында бүлік шығарып, өзара қырқысуларына әкеліп соғады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ижтиһад етудің нәтижесінде ақиқатты дөп басса, онда оған екі сауап беріледі. Ал қателессе, бір сауап беріледі»,– деп ижтиһад етуге лайық адамдардың берген фәтуларында кем дегенді бір сауаптың бар екендігін сүйіншілеген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисінен «менікі ғана дұрыс, сен, адасудасың» деген бүлікке себеп болар түсініктің де қате екенін ұғамыз.
Сахабалардың да, одан кейін келген табиғиндардың да арасында діннің кейбір мәселелерінде әртүрлі көзқарастар болмай тұрмайтын. Мысалы, Әбу Саъид әл-Худри мынандай қызық оқиғаны риуаят етеді: «Бір күні екі кісі сапарға шықты. Жолда намаз уақыты кірді. Бірақ, әлгі екі кісі дәрет алатын су таба алмады. Сөйтіп, екеуі де таза топыраққа тәйәммүм соғып, намаздарын оқиды. Алайда, оқыған намаздарының уақыты шықпай тұрып, су табылып қалады. Осы жағдайдан кейін әлгі екі сахабаның біреуі уақыт шықпай тұрып су табылғандықтан, тәйәммүммен оқыған намазы-ның дұрыс болмағанын ойлап, дәрет алып, намазын қайта оқиды. Ал екіншісі тәйәммүммен оқыған намазым жеткілікті деген ниетпен, намазды қайта оқымайды. Осыдан кейін екеуі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, бастарынан өткен жағдайды баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазын қайта оқымаған адамға: «Сен, менің сүннетімді дөп бастың, оқыған намазың жарамды дейді. Ал қайталап оқыған сахабасына: «Саған екі сауап жазылды»,– дейді» (Сунану Әби Дәәуід, 1-том, 93-бет. «Дәрул-фикр» баспасы).
Жоғарыдағы оқиғадан байқағанымыздай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын қайталап оқыған адамға «сен, қателестің, құрдымға кеттің» демейді. Керісінше, «саған екі сауап жазылды» деп кей жағдайда қателескен күннің өзінде Алланың рақымымен екі сауап жазылатындығын сүйіншілеген.
Имам әл-Бухари өзінің хадис жинағында Абдулла ибн Омардан мынандай оқиғаны риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Хайбар соғысы аяқталғаннан кейін сахабаларына: «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар»,– деп бұйырады. Жолда екінді намазының уақыты кіреді де, кейбір сахабалар намазды Бәни Құрайзаға барғаннан кейін оқимыз дейді. Ал енді біреулері: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» дегені – бізге тезірек барыңдар дегені. Сондықтан, біз оқып аламыз»,– деп жолда намаздарын өтейді. Кейін бұл жағдай Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтылғанда Пайғамбарыз (с.ғ.с.) ешкімді кінәламады» (Сахихул-Бухари, 1-том, 321-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.).
Иә, Алла Елшісі (с.ғ.с.) ешбір сахабасын кінәламады. Неліктен? Себебі, екінді намазын жолда оқымаған сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» деген бұйрығын тікелей түсінген-ді. Ал екінді намазын жолда оқығандары болса, Алла елшісінің сөзінің астары мен мақсатынан «Бәни Құрайзаға кешікпей тезірек бару керектігін» ұққандықтан, солай жасады. Намаздарын жолда оқыған сахабалардың ниеті Оның (с.ғ.с.) бұйрығына қарсы шығу болмағандықтан, Алла Расулі оларды кінәламады. Ендеше, мәзһаб ғұламаларының да кейде бір мәселеде түрлі пікірде болуы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінің тікелей мағынасын алуында немесе сөздің астары мен мақсатына бойлауында жатқанын түсіну қиын емес. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ешкімге кінә артпаған мұндай себептерге байланысты шыққан әртүрлі түсінікке ие мәселелерде «менікі ғана дұрыс, сен, адасып жүрсің» деп ислам үмметі арасында бүлік шығару Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне қатты қайшы екені даусыз.
Сахабалардың арасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) миғражға рухымен бе, жоқ әлде, рухымен қоса тәнімен шық-қандығы, ол жерде Алла тағала-ны көріп-көрмеуіне байланысты әртүрлі көзқарастар бар болатын. Сахабалардың кейбіреуі намазда «бисмилланы» оқыса, енді біреулері оны оқымайтын. Ал оқитындардың қайсібірі оны жария айтса, қалғандары іштей оқитын. Бірақ, әртүрлі бұл көзқарастар олардың бірліктері мен ынтымақтарына зәредей де кері әсерін тигізбейтін. Кейінгі мәзһаб ғұламалары да бір-бірін қатты сыйлаған. Мысалы, ханафи ғұламасы әл-Қади Әбу Усам шафиғи ғалымы Қаффалдың мешітіне барады. Әбу Усамды көрген Қаффал муәззинге қаматтың Ханафи мәзһабы бойынша түсірілуін тапсырады да, Әбу Усамға имам болуды ұсынады. Әбу Усам намаз оқытады. Бірақ, өзі Ханафи мәзһабын ұстанатындығына да қарамастан, намазда «бисмиллаһты» Шафиғи мәзһабы бойынша жария оқиды (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 45-бет «Елест» баспасы, Стамбул, 2004ж. Қосымша қараңыз; Мәурәуи, әл-қаулус-садид).
Имам Ахмадтың көзқарасы бойынша, мұрын қанаса немесе денеден қан алдырған жағдайда, дәрет бұзылады. Кейбір кісілер Ахмед ибн Ханбалға: «Сізге намаз оқытайын деп тұрған адамның денесінен қан шықса, сөйте тұра ол дәретін қайталап алмаса, ондай имамның артына тұрып намаз оқисыз ба?» деп сауал қояды. Имам Ахмед болса: «Имам Малик пен Саъид ибн Мусаййаб секілді адамдардың артында тұрып қалай намаз оқымаймын»,– деп жауап берді (Шәйх Ахмад Шаһ Уәлиуллаһ ибн Абдир-Рахим әд-Дәһлауи, Хужжатуллаһил-Бәлиға, 1-том, 296-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1995 ж.). Имам Малик пен Саъид ибн Мусаййабтің көзқарасы бойынша, денеден шыққан қанның салдарынан дәрет бұзылмайды.
Міне, ғұламалардың арасын-дағы әртүрлі көзқарас пен мәзһаб ерекшелігі бір-біріне деген сыйластықтарына сызат түсірмейтін.
Христиандар мен еврейлер екеуі екі бөлек халық, діндері де екі бөлек. Ғасырлар бойы бір-бірімен шайқасып, қырқысып келген. Бірақ, осындай діндері де, ұлттары да екі бөлек бір-бірімен ғасырлар бойы соғысып келген екі халық мұсылмандарға қарсы күресте тарихтарындағы соғыстарын, бір-біріне деген ыза-кектерін ұмытып, бірігіп ынтымақтаса білді. Ал енді мұсылмандардың болмайтын тармақ мәселелерінде қызылкеңірдек болып, бір-бірін ренжітіп, бүлік шығаруларына не демекпіз. Барлық мұсылмандардың Жаратушылары – бір, Құрандары – бір, Пайғамбарлары – бір, сүнннеттері – бір, намаздары – бір, ораза-зекеттері – бір, Қағба-құбылалары – бір, тіпті, дұшпандары да – бір, осындай ортақ мәселелері бола тұра «намазда қолыңды Ханафи мәзһабы бойынша емес, біздікі сияқты байла, құныт дұғасын олай емес, бұлай оқы» деу сияқты маңызды емес түймедей мәселелерді түйедей етіп, «менің таңдаған көзқарасыммен жүрмедің» деп жүрегін ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңізші!
Мен «Намазда «Фатихадан» кейін, әминді іштей айту дұрыс емес, жария айту керек», «Намазда қолды бірақ рет емес, рүкуғқа бара жатқанда және қайтқан кезде де көтеру керек» деп намазын енді-енді оқып жүрген діни сауаты төмен жандардың басын қатырып, қоғамда бүлік шығарып жүрген адамдарға қатты налимын. Себебі, мұндай адамдардың көтеріп жүрген бұл мәселелері ислам дінінің негізгі мәселелері емес. Бұған қоса Ханафи мәзһабы бұл үкімдерді түс көріп түсінген жоқ. Қиялға салып, ойдан шығармады. Барлық мәселеге Құран мен сүннеттен дәлел бар. Олай болса, халықтың ғасырлар бойы ұстанған мәзһабын жамандап, жаңа мәзһабты тық-пыштауға тырысудың жұрттың басын қатырып, шатастырудан, ел ішіне іріткі енгізуден өзге қандай пайдасы бар?! Қырық жыл тынымсыз күрестің нәтижесінде халыққа «әминді жария айтқызып, үтірді бір рәкат» оқытсақ, халқымыздың дүниелік барлық проблемалары шешіліп, ақыретте бәрі жұмақтық бола ма? Жоқ, әлде бұл мәселелер қабірде сұралып, ақыретте есеп беретін маңызды мәселелер ме екен? Құранның қай аятында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қай хадисінде «әминді жария оқымайтындар жұмаққа кірмейді, қолдарын көтермейтіндер қабірде азап шегеді» деген жері бар?! Ал, олай болмаса, біз күш-қуатымызды қайда жұмсаудамыз?! Тәйірі, халықтың ықылым заманнан үйренген мәзһабын мәнсұх етіп, екінші бір жаңа мәзһабты кіргізудің бүлік шығарудан өзге нендей жемісі бар?
Ханафи мәзһабы біздің кез-келген мәселелерімізді шешетіндей бай, барша қажеттілігімізді өтейтіндей қолайлы. Себебі, бұл мәзһаб бүгін шыққан тегі жоқ жаңа ағым емес. Тарихы бар, сүйенген негізі бар. Бұл мәзһабпен кезінде бірнеше ислами мемлекеттер, оның ішінде, әсіресе, жеті ғасырға жуық уақыт Осман халифаты басқарылған. Қазіргі таңда да әлем мұсылмандарының жартысына жуығы осы мәзһабты ұстанады. Сондықтан, Ханафи мәзһабының сүннеттен дәлелі жоқ, яки, болса да әлсіз деп оған атүсті қарауға әсте болмайды. Біз, бұл жерде басқа сүнни мәзһабтарды қателесіп, адасып жүр деуден де аулақпыз. Тек айтпағымыз – еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан, халық арасындағы ауызбіршілікті сақтау, әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мәзһабын насихаттауымыз қажет.
Иә, шетелден келген келімсек миссионерлерлер руханиятқа аш, адал халқымызды алай да арбап, бұлай да арбап, қаракөз қандастарымыздың иманына қол сұғып жатқан мына заманда мұндай тар түсінікке жол болсын! Жаһанданудың жалынымен, жастарымыздың батысқа ес-түссіз еліктеп жатқан осынау сұрапыл заманда біз нені күйттеп жүрміз? Отбасы құрып, шаңырақ көтерген жастарымыздың үштен бірі бір жылға жетпей ажырасып тынуда. Нәтижесінде, жесір қалған жас келіншектер. Жетім қалған бесіктегі сәбилер. Еңсесі түскен еркектер. Арасы бұзылған құдалар. Жылына екі жүз мыңға жуық сәби ресми түрде қолдан түсікке құрбан болып отыр. Ал оның ресми емес жағы, бұл саннан әлде қайда көп екені тағы рас. Мұның бәрі халықтың шариғаттан шалыс кетіп, ғұрпымыздан қалыс кеткендігінің улы «жемісі». Ал енді қоғамымызда осындай проблемалар тұрғанда, бұлардың бәрін бір жаққа жинастырып қойып, әлгіндей ұсақ мәселерді даудамайға айландырып, қоғамның шырқын бұзған адамның ақылы мен парасатына күмәнім бар. Мұның мысалы, Меккеге қажылыққа барған Ханафи мәзһабындағы бір мұсылманның қажылық міндеттерінің бәрін бір жаққа жинастырып қойып, намазда «әминді» жария айтатын басқа мәзһабтағыларға, «сендердің бұларың дұрыс емес, әминді іштен айту керек» деп өзінше дәлелдеуге тырысып, бос әурешілікке түсіп жүрген өресі төмен сауатсыз адамнан да жаман.
Құранда бірнеше жерде басшыларыңа бағыныңдар делінеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – отанымыздағы барша мұсылмандардың қара шаңырағы. Сондықтан, ел бірлігін сақтап, түрлі бүлікке жол бермеу үшін жеріміздегі барша мұсылмандар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының берген фәтуларын негізге алғаны жөн.
Тарихта мұсылмандардың әлсіреулері, басқаларға жем болулары – тек араларындағы ынтымақтың әлсіреуінен болған. Испания, Құдыс, Виана, Бұхара секілді мұсылман орталықтары да осындай себептерден құлаған. Македониялық Ескендір Иран мен Иракты басып алғаннан кейін екі өлкенің халқын қылышпен шауып әлсіреткісі келеді. Алайда, ұстазы Аристотель оған: «Бұлай істеме, екі халықты жоқ етудің ең жақсы жолы – араларына бүлік кіргізіп, бір-біріне айдап салу» деген екен. Шынымен-ақ, екі елдің арасына іріткі салу арқылы, екі мемлекет те қатты әлсіреген екен (Әбдул Желил Жандан, Мүслүман Ве Мезһеб, 13-бет. «Елест» баспасы, Стамбул, 2004 ж.).
Міне, сондықтан, енді-енді ғана тәй-тәй басып, мұсылмандық шарттарын жаңадан үйреніп жүрген аз ғана халқымыздың арасында бәрінен бұрын бірлік пен ынтымақ қажет.
Сөз түйіні, ғибадатта негізгі мәселе, сыртқы форма емес, құлшылық болғандықтан, уақытымызды қолыңды алай байла, бұлай байла сияқты маңызсыз нәрселерге кетірмей, тақуалыққа, көркем мінезді болуға, Жаратқанды көріп тұрғандай, кәміл сеніммен ғибадат жасауға, халқымыздың иманына себеп болуға, жалпы еліміздің негізгі мұқтаж нәрселеріне жұмсасақ, қандай жақсы. Бәлкім, кейбір мұсылмандардың маңызды мәселелерін тастап, осындай нәтижесінде ешқандай пайдасы жоқ мәселермен айналысуының арт жағында басқалардың саяси ойыны да бар шығар дей, келе мұсылмандарды қырағылыққа, парасаттылыққа үндейміз. Күш-қуатымызды жаңа жол салуға жұмсағаннан гөрі, ықылым заманнан үйренген жолымызды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа, бірлік пен ынтымақтыққа шақырайық.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙ,
дінтанушы.

Категория: Мақалалар
Bottom Tab Content