• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

Akil iman nafsi

Нәпсі дегеніміз не?

Адам баласы әу баста бойында үш ажырамас қасиетпен қоса жаратылған. Олар: иман, ақыл және нәпсі. Осы үш қасиеттің бірі адамның бойында басым дамып, келешек тағдырында аса маңызды роль ойнайды. Әрине, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір туылған нәресте ислам болмысымен туылады...», - деп айтқандай, адам дүниеге келгенде иманды болады. Алайда, нәресте ең әуелі тәндік қажеттілікке мұқтаж. Сондықтан да, нәпсілік қасиеті ерте дамиды. Есейе келе аталған үш қасиет адамның іс-әрекетіне аса зор ықпал етеді. Сондықтан болар, сахабалар (р.а.) бүлдіршін балаларына Рамазан айында мейлінше ас-сусыз жүруге түрлі ойын арқылы тәрбиелеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жеті жасында намаз үйретіңдер, он жасында намаз оқымаса, тәрбие үшін, ұрыңдар», - деген сөзі де жас баланың санасына имани амалдарды сіңдіре беру үшін айтылғаны хақ.

«Мунаббихат» кітабында: «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойлайтын болса, Алла жайлы танымы аз болғаны, кім өзіне нәпсісінен артық дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені», - делінген. Нәпсі дегеніміз не? Адам шынайы мұсылман болуы үшін оны өлтіру керек пе, әлде тәрбиелейді ме? Нәпсі - ол біздің болмысымыз. Адам тіпті жәннатқа да сол нәпсімен кіреді. Демек, нәпсіден бүтіндей құтылуға немесе өлтіріп, жоқ етуге болмайды. Өйткені, нәпсі - ол өзіміз. Нәпсіні тек тәрбиелеу қажет. Көбінесе, нәпсі жаман қасиеттерге бейім. Тәрбиесіз нәпсі жалқау, еріншек келеді. Нәпсі бейне бір түйеқұс тәрізді. Мына жүкті көтер десе, мен түйе емеспін, құспын дейді. Жарайды, ендеше ұш десе, жоқ мен ұшатын құс емеспін, түйемін дейді. Нәпсіге ерік берілсе, ол үнемі жауапкершіліктен қашумен болады.

Жақсылық пен жамандық күресі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Табук жорығынан қайтып келе жатып: «Кіші жиһадтан (яғни соғыстан) үлкен жиһадқа (яғни нәпсі соғысына) оралдық», - деген екен. Шын мәнінде, адамның өзін жеңуі - ең қиын іс. Құлшылық етуде жалқаулық танытқан мұсылман, еңбек етіп ел қатарлы болуға талпынбай, еріншектік еткен адам, жас кезінде мүмкіндігі бола тұра білім алмай, қартайғанда арба сүйреп, әрең күнелткен пенде... бұлардың барлығы кімге өкпелейді? Өмірдегі сәтсіздіктерін кімнен көреді? Олар қолында жағдайы болған шақта қарны тойғанға мәз болып, ертеңгі күнін ойламаған. Жастық шағында қайраты бар кезде құлшылық етпей, бойынан әлі құрып қарттық жеткен пенде ғибадат ете алмағаны үшін кімді жазғырады? Бұларды осындай бейшара халге душар еткен өздері. Кінәлі - өз нәпсілері.

Хасан Басри: «Жиһадтың ең абзалы - нәпсімен күресу», - деген екен. Өйткені нәпсі - ең қасгөй дұшпан.

Алла тағала «Исра» сүресінің 7-аятында: «Егер игілік істесеңдер, өздерің үшін. Жамандық істесеңдер тағы өздеріңе...» дейді. Иә, адам баласы жақсылық істесе, оның жемісін өзі көреді. Ал, жамандық атауын істесе, зардабын да өзі тартады.

«Шамс» сүресінің 8-10-аяттарында: «Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлдекім оны кірлетсе, қор болды» дейді Жаратушы Иеміз.

Аталмыш аят тәпсірінде Ибн Әбу Нажих Мужаһид риуаяты бойынша: «Алла нәпсіге азғындық пен тақуалық жолын танытқан», - десе, Мужаһид Ибн Аббастан (р.а.): «Алла нәпсіге құлшылық пен күнәні танытты», - деп тәпсірлеген.

Нәпсісін Аллаға ғибадат етумен және ізгі амалдармен тазартқан жан тозақтан құтылады. Ал, нәпсісін күнәмен кірлету адамды қорлыққа душар етеді.

Осы ұғымға мағыналас Әбу Һурайраның (р.а.) Алла расулынан (с.ғ.с.) риуаят еткен мына хадисі бар: «Алла елшісі «Сонда оған жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт» аятын оқып: «Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Сен ең жақсы пәктеуші затсың. Сен жанымның Иесісің», - деп дұға жасады». Бұл хадисімен адамзат ұстазы (с.ғ.с.) бізге нәпсімізді тәрбиелеуін сұрап, Алла тағалаға мінәжәт етуді үйретуде.

Имам Ахмед риуаятында Зайд бин Арқам: «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллам! Мен Сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атауынан және қабір азабынан сақтауыңды сұраймын. Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында Сен ең жақсы пәктеуші затсың. Сен жанымның Иесісің. Аллам! мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын», - деп дұға жасаушы еді», - дейді. Хадисті жеткізуші Зайд сөзінің соңында Алла елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерді бізге үйреткен, ал біз сіздерге үйретіп отырмыз», - деген.

Демек, нәпсіні тәрбиелеу аса маңызды, басты міндетіміз.

Нәпсінің түрлері

Құранда нәпсінің үш түрі айтылған:

1. Жамандыққа бұйырушы нәпсі. «Юсуф» сүресінің 53-аятында: «Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады...» дейді. «Мунаббихат» кітабында мынадай ғибрат сөз бар: «Расында шәһуатқұмарлық патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Юсуф пен Зулайханың қиссасын көрмейсіз бе?», - деген.

Иә, расында көптеген адамның сәтсіздіктеріне нәпсіге бой алдыруы себеп болып жатады. Құлқынына құл болып, өмірін құрдымға жіберіп жатқандар қаншама!? Нәпсінің айтқанына көніп, айдауына жүрген адам абыройдан айырылады. Өйткені, нәпсі тек жамандыққа үндейді. Жақсылықты, ізгілікті нәпсі жаны сүймейді.

2. Сыншыл нәпсі. «Қиямет» сүресі, 2-аятта: «...сөгіс беруші нәпсіге ант» делінген.

Хасан Басри: «Расында, мүмін деп өзінің нәпсісін сынаушы адамды айтатынбыз. Ол өзіне айтқан сөзіммен нені қаладым, жеген тамағыммен нені қаладым деп үнемі өзін сынап отырады. Ал, пасық болса, қадам басқан сайын ауытқи береді, өзін бұл үшін жазғырмайды да», - деген екен. Яғни, бұл мүміннің нәпсісі. Шынайы мүмін үнемі өзінің әр іс-әрекетіне сын көзбен қарап, әр сөзі мен іс-қимылына өзі есеп береді. Ал, екіжүзді бұзық адам өз әрекетіне еш уақытта өкінбейді. Кісінің көңілін сөзімен ренжітсе де, әрекетімен біреуге зияны тисе де, еш өзін кінәлап, жазғырмайды. Жайбарақат жүре береді. Ал, аятта айтылғандай «лаууама нәпсі» иесі болған мүмін керісінше, әрбір сөзіне және ісіне аса мұқият. Хазреті Омардың «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер» деген кеңесі осындай нәпсі мәртебесіне жеткізері хақ.

Ғұлама Мужаһид «сыншыл нәпсі» жайлы: «Ол жамандық істеп қойса, неге істедің деп жазғырады. Ал, жақсылық амал істесе, неге көбірек істемейсің деп сөгетін нәпсі», - деген екен.

3. Жаны жай тапқан нәпсі. «Фажр» сүресінің 27-аятында Алла тағала: «Әй, орныққан нәпсі», - дейді. Тәпсіршілер бұл аят жайлы: «Аят Осман бин Аффан жайлы түскен» десе, кейбір ғалымдар Хамзаға қатысты түскен деген. Сағид бин Жабир (р.а.) риуаят етеді: «Бір кісі пайғамбар (с.ғ.с.) құзырында: «Әй орныққан нәпсі!» аятын оқыды. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Уа, Алла елшісі, бұл қандай тамаша аят?», - деп таңырқады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Бәкір! Расында періште бұл сөзді саған айтады», - деген екен».

Амамат риуаят етеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір кісіге: «Аллам! Мен Сенен жай тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын», - деп айт», - деді.

Әрбір мұсылман «нафсул-лаууама», яғни сыншыл нәпсі иесі болғанды қалайды. Алайда, бұл дәрежеге жету жолындағы талаптарды орындағысы келмейді. Адамдардың көбісі «нафсун аммарат бис-су», яғни жамандыққа бұйырушы нәпсі иесі болып табылады. Алайда, оны мойындағысы келмейді. Аталған үш нәпсі сипаттамасына қарап өзінің қай топқа жататынын ажыратып алуға болады.

Нәпсіні тәрбиелеу тәсілдері

Данышпандар: «Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса, құштарлығының құлына айналады. Құмарлық қақпанына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап, қалаған жағына сүйрейді. Мұндай адамның қалыбы құлшылық пайдасынан мақұрым қалады», - деген.

Алла тағала құлына бір жақсылық қаласа, нәпсісінің қателігін көрсетеді. Көкірегі ашық адам өзінің айыбын айқын көріп тұрады. Айыбын және қате-кемшілігі неден, қай тұстан екенін аңғарса, оны түзете алады. Алайда, адамдардың көпшілігі өз нәпсілерінің қателігін көрмейді. Керісінше, өзінің діндес бауырының көзіндегі қылды тез байқап, өз көзіндегі томарды сезбейді. Адам баласы өз нәпсісінің қателігін анықтап, оны түзетуге ниет білдірсе, ол төрт тәсілдің бірін қолданғаны абзал.

Бірінші: Ұстаздың құзырында дәріс алу. Өмірде көпті көрген, көкірегі ашық дана ұстаз тәрбиесіндегі шәкірт нәпсісінің айыпты тұстарын тез түзетуге мүмкіндігі болады. Ұстаз шәкірттің әуелі қатесін көрсетіп, сосын оны жою жолын да үйретеді. Алайда, бұл біздің заманымызда өте қиын шарттың бірі.

Екінші: Діндар, шыншыл және көкірегі ояу кісімен дос болу. Мұндай дос өз бауырына шынайы сын айта алады. Досының сөзінде қателік болса, ішкі-сыртқы әрекетінің айыбы болса, түзету үшін тігінен айтады. Ұлы ғұламалар мен данышпандар осы әдісті көп қолданған. Хазреті Омар (р.а.): «Менің айыбымды айтқан адамға Алла рақмет етсін», - деген екен. Омар (р.а.) сахаба Хузайфадан (р.а.): «Сен Алла елшісінің мұнафиқтар жайлы сырын сақтаушысы едің. Менің бойымда екіжүзділік белгісі бар ма?», - деп сұрайды екен. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ең сенімді сахабасының бірі нәпсісін тәрбиелеуде осылай еткен.

Алайда, бұл заманда кісі нәпсісінің айыбын айтып, түзетуге көмек беретін дос тым аз. Дос деп атанып жүргенімен, кейбірі іштарлық көрсетеді. Кезінде Ханафи ғұламаларының бірі Дауд әт-Тои адамдардан оқшауланып өмір сүре бастайды. Оның бұл әрекетін маңайындағылар: «Ел арасынан неге кетіп қалдыңыз?», - деп сұрағанда, ол кісі: «Менің айыбымды айтпайтын елде қалайша тұрамын», - деп жауап берген екен. Қазіргі таңда керісінше, бізге ақыл-кеңесін айтып, айыбымызды көрсеткен адамды жаман көреміз. Ал, бұл біздің иманымызды әлсіретуге алып барады. Өйткені, нәпсінің бұзылуы - улы жылан мен шаян іспетті. Егер біреу біздің аяғымыздың астында жылан жатқанын жылдам ескертсе, лезде жаншып өлтіріп, айтқан адамға алғысымызды білдіріп қуанамыз. Алайда, жыланның уы денені бірер күн ауыртып басылады. Ал, нәпсінің жамандығы жылан уынан да ащы. Оның зияны тіпті өлімнен кейін де адамға тиіп жатады. Сондай-ақ, біз ақылын айтқан адамға алғыс білдірудің орнына ренжіп, қала берсе, ішімізде бір дұшпандықты да бүгіп қаламыз.

Үшінші: Дұшпанның тілінен шыққан ащы сын арқылы кісі өзінің кемшілігін түзетуі мүмкін. Кісі ашуланған шақта ішіндегі барлық ойын жайып салары мәлім. Кейде бұл жағынан жағымпаз достан жау болған дұшпанның пайдасы көбірек тиіп жатады. Жағымпаз дос көбіне кісі кемшілігін жасырып, өтірік-шынын араластырып мақтауға беріліп кетеді. Сондықтан да, көреген адам дұшпанының айтқан сөзіне де құлақ түреді. Керек жерін өз нәпсісін түзету үшін пайдаланады да.

Төртінші: Адамдармен етене-жақын араласу. Адамдардың іс-әрекетінің жаман тұстарын көрген кезде сол амалды өзінің бойынан іздейді. Шынында, мүмін мүміннің айнасы дегендей, өзгенің айыпты ісін көрумен өзінің қате-кемшіліктерін байқай түседі. Осылайша, өз бойындағы кемшіліктерді кетіріп, кемелдену жолында бір адым алға қадам жасайды. Иса (ғ.с.) пайғамбардан: «Әдептілікті сізге кім үйретті?», - деп сұрағанда, Алланың пайғамбары (ғ.с.): «Маған ешкім әдептілікті үйреткен жоқ. Надан кісінің бойынан бір әдепсіздік көрген кезде сол әрекеттен сақтанушы едім», - деп жауап берген екен.

Нәпсімен күресу - жиһад

Жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жиһадтан келген кезде сахабаларға: «Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қош келдіңдер», - дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Расул! Үлкен жиһад не?», - деп сұрайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Нәпсімен күресу», - деп жауап береді. (Байһақи).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл жайлы тағы да: «Мужаһид - Аллаға құлшылық ету үшін нәпсісімен күресуші кісі», - дейді. (Термизи 1621). Ол: «Ақылы әмірші, ал нәпсісі тұтқын болған адамға Алланың жақсылығы болсын, нәпсісі әмірші, ал ақылы тұтқыны болғанға Алланың қарғысы болсын», - деген екен.

Ғұлама Ибраһим ан-Нахъий: «Сендерден алдыңғыларды құртқан үш нәрсе: артық сөз, артық тамақ және көп ұйқы», - депті. Әбу Аббас әл-Маусили болса өзіне: «Әй, нәпсім! Бай балаларымен дүниенің ләззатын да татпайсың, Алла құлдарымен ақырет амалы үшін де ғибадат етпейсің. Сен мені жәннат пен тозақ ортасында ешқайда жібермей ұстап тұрғандайсың. Әй, нәпсім! Ұялсаң қайтеді!», - деген екен.

Хазреті Әли (р.а.): «Алла құзырында адамдардың ең жақсысы бол, нәпсі үшін адамның ең жаманы бол, ал адамдар арасында нағыз азамат бол», - деген екен.

Данышпан сахаба Әли (р.а.) айтқандай, Алланың әмірін орындап, ең жақсы пенделер сапынан көрінуге тырысып бағуымыз тиіс. Сондай-ақ, Шал ақынша «Ақыл - қойшы, иман - қой, нәпсі - бөрі, бөріге қой алдырмас ердің ері» дегендей, нәпсінің жетегінде жүрмей, құрдымға итермелейтін құмарлығымызды құрықтап, мұсылман қауым арасында нағыз ер болуымыз ләзім.

Категория: Мақалалар
Bottom Tab Content