• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

namazdi keshiktiru

Бір жігіт нәпсісін жеңіп, әр намазды уақыты кірісімен, кешіктірмей оқуға шамасы келмей жүрді. Әйтеуір әр намаздың соңғы уақыттарында оқуға үлгеретін. Ал, әжесі жасы жетпіске келсе де, азан дауысын ести сала, бар жұмысын қоя салып, намаз оқудың әрекетіне көшетін. Әжесінің: «Қарағым-ау, намазыңды өз уақытында оқысаңшы, осынша кешіктіріп оқуға бола ма екен?» деген сөздері үнемі құлағында жаңғырып тұрушы еді.

Міне, тағы да Құптан намазына он бес минуттай уақыт қалғанда, Шам намазының дайындығын жасап, асығыс-үсігіс өз бөлмесіне кіріп кетті. Намазын оқуға кірісті. Күні-бойы әрлі-берлі сабылып жүріп әбден шалдығып қалған екен. Шаршаңқы халі бойын бүгіп барады. Намаз соңында дұға жасап отырып, басы екі алақанының арасынан төменге қарай еңкейе берді. Қатты қысқан ұйқы бой бермей, басы сәждеге қойылған қалпында көздері ілініп кетті. Заматында түс көре бастады.

Қараса, Қиямет Қайым орнап қалған екен. Жан-жағының бәрі шапқылап, жәрдем сұрап жүрген адамдар. Айналасында оңға солға жүгірген көпшілік, біреулер тізерлеген қалыпта қол жайып отыр. Бұның да денесінен бұрқ-бұрқ тер шыға бастады. Дүниеде жүргенде, Қиямет болады, Таразы орнайды, адамдар сұрақ-жауапқа тартылады дегенді көп еститін. Бірақ оларды дәл осындай ауыр болады деп ойламаған екен. Сұрақ-жауаптар жалғасып жатты. Бір кезде бұған да кезек келді. Атын атап шақырды. Еріндері дірілдеп: «Мені айтып тұрсыздар ма?» деп қалтыраған қалыпта жауап қатты. Сол-ақ екен, жұрт арасы екіге жарылып арасынан бұған жол ашылды. Екі періште келді де, мұны қолтықтай ала жөнелді. Сол сәтте бұның бүкіл өмірі бір сәтте көз алдынан өткізілді. Бұл: «Шүкір, Алла разылығы үшін жүгіріп жүрген істерім бар екен, намаздарым да бар ұқсайды.Ораза да тұтқан екенмін. Харам нәрселерге жоламаппын. Раббымды жақсы көрген екенмін. Тым болмаса жақсы көруге тырысыппын. Бәрі де дұрыс болар» - деп қойды ішінен. Екі көзі төртеу болып, нәтиже сөзді күтіп тұр. Кенет екі періште жұрттарға қолдарындағы тізімді оқи бастады. Бұның да аты аталды. Қараса, есімі жәһаннамға кіретіндердің қатарына қосылған екен. Аяқтарының буындары босап, тізесімен бүк түсіп құлай кетті. Шошынғаннан айқайлап жіберді. «Жоооқ! Бұлай болуы мүмкін емес! Мен қалайша тозаққа барамын! Өмірім бойынша дінім үшін жүгіріп жүрген жоқпа едім?».

Екі періште қолдарынан ұстап алды да, аяқтарын сүйреткі етіп, жалыны көкке жетіп жатқан жаһаннамға қарай жол тарта бастады. Бұл әлі өксігін баса алмай жылауда. Әлі де сенетін түрі жоқ. «Қалайша? Бұлай болуы мүмкін емес қой!».

Періштелер оны сүйретіп келеді. Бір кезде жалынға әбден таятып әкеліп, тозақ періштелеріне бұны ұстата салды. Бұның ойы әлем-жәлем. «Қалайша? Пайғмбарымыз есігінің алдындағы өзенге күніне бес рет шомылған кісіде кір қалмайтыны сияқты, бес уақыт намаз оқушының күнәлары кешіріледі деген еді ғой! Е, мені намаздарым да құтқара алмайтын болғаны ғой. Намаздарым! Намаздарым! Намаздарым. » деген сөздерді айтып толғанумен жүр. Бірақ бар үміті сөнген болатын.

Тозақ періштелері оның ешбір сөзіне де мән бермеді. Тозақ отына итерді де жіберді. Періштелер артта қалып, бұл төменге құлай берді.

Кенет бір-екі метрдей төмендегенде, ұзын аппақ сақалы бар бір қария оған қолын созып құтқарып қалды. Жоғары тартып алып, үсті-басының шаңдарын қаға бастады. Бұл дірілдеген қалыпта: «Сіз кімсіз?» деп зорға күмбір етті. Қарт күлімсіреп тұрып: «Мен сенің намаздарыңмын», - деді.

- Неге сонша кешіктіңіз. Мен енді бәрі бітті ғой, - деп күдерімді үзген едім. Қарт кісі тағы да жылы жүзбен күлімдеп, басын шайқап отырып: «Сен де мені үнемі ең соңғы уақыттарда оқушы едің ғой, Енді есіңе түсті ме?» - деді.

Дәл осы жерге келгенде оянып кетті. Басын көтерсе, үсті-басы қара терге бөгіп қалған екен. Сырттағы дауысқа құлақ түрсе, Құптан намазының азаны екен. Орнынан тұра сала, дәрет алуға асықты.

Міне, достар, намаздарымызды өз уақытында оқиық.

Категория: Ғибратнама
Bottom Tab Content