• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

Осман ибн Аффан хижреттен 47 жыл бұрын Таифте дүниеге келді. Ол Пайғамбарымыздан (с.а.у.) алты жас кіші. 

Әкесі Аффан саудамен айналысатын бай кісі болатын. Ол сауда мақсатымен Сирияға жасаған сапарының бірінде қайтыс болды. Әкесінен Османға мирас ретінде көп байлық қалды. Осман да саудамен айналысты. Ол көп табыс табатын және қолындағы мүмкіндіктерді пайдаланып, халқына үнемі жақсылық жасайтын. Сондықтан халық Османды жақсы көріп сыйлайтын. Оның жәһилия дәуіріндегі өмірі жайлы жеткен мәліметтер осы ғана.

Оның жәһилия кезіндегі өмірі де басқа сахабалардікіндей еді. Сахабалардың мұсылман болмастан бұрынғы өмірлері жайлы мәліметтер толық болмағанмен мұсылмандықты қабылдағаннан кейінгі үлгі-өнегеге толы өмірлері жайлы мәліметтер сақталып, заманымызға дейін келіп жетті. Оларды өмірге қайта тудырған Ислам еді. Міне, осының нәтижесінде сахабалардың жарқын өмірлері тарихта алтын әріптермен нақышталды.         

Пайғамбарымыздың Жәннатпен сүйіншіленген үшінші халифасы - Осман (р.а.) әдептілік пен ар-ұяттың жарқын үлгісі. Оның табиғаты өте жұмсақ, көркем мінезді және турашылдықпен біртұтас болып кеткен-ді.

Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) мұсылман болғаннан кейін Хақ діні Исламды өзінің жақын достарына уағыздай бастады. Солардың бірі - осы Осман. Әбу Бәкір оған Ислам жайлы айтқанда, зейін қойып тыңдап, айтқандарына қызығушылық көрсетті. Содан кейін екеуі бірге Расулаллаһқа (с.а.у.) барды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Османға:

- Аллаһтың рақымдылығы болған Жәннатқа ұмтыл. Мен саған және бүкіл адамдарды тура жолға бастаушы ретінде жіберілдім. Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ,- деп Құран оқыды.

Хазіреті Османның жан дүниесін илахи сөздердің сырлы тартымдылығы баурап алды. Бірден жүрегін де, тілін де кәлимаға келтіріп, мұсылман болды. Бұл сезімді кейін ол былайша жеткізген еді:

- Расулаллаһтың аузынан естіген алғашқы сөздер соншалықты әсерлі еді, кәлима шаһадат аузымнан еріксіз төгіле берді...

Ол 34 жасында мұсылман болды. Жас, ықпалды  саудагер болатын. Өзінің бойына жарасымды салмақты мінезі бар Османның мұсылман болғанын естіген немере ағасы Хакам ибн Әбул Ас ашудан жынданып кете жаздады. Оны бір діңгекке байлап: "Бұл дінді тастап, аталарыңның дініне қайта оралмайынша саған тамақ жоқ",- деді. Осман "Аллаһқа ант етемін, бұл діннен бет бұрып аталарымның дініне қайтпаймын" деп  ажалдан да қаймықпайтынын айтты. Бұған көздері жеткен туыстары ара түсіп, оны құтқарып қалды[1].

Ислам келмес бұрын Әбу Ләхәбтің ұлы Ұтба Пайғамбарымыздың  (с.а.у.) қызы Рұқияға үйленген еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаңа бір дінді уағыздағанын естігеннен кейін Ұтба Пайғамбарымызға (с.а.у.): "сенің қызыңды да, уағыздаған дініңді де қаламаймын",- деп хазіреті Рұқиямен ажырасып кетті. Осман (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Рұқияны өзіне некелеп қосуын өтініп, оған үйленеді.

Мүшріктердің көрсеткен қорлықтары мен зұлымдықтарынан құтылу үшін Эфиопияға һижрет еткен алғашқы 15 кісілік топтың ішінде хазіреті Осман мен жұбайы Рұқия да бар еді. Аллаһ Елшісі Османның бәрінен бұрын жолға шыққанын естігенде:

- Олардың достары - Аллаһ. Осман - Лұттан (а.с.) кейін отбасымен һижрет еткен алғашқы адам,- деді[2].

Осман (р.а.) өте нәзіктігімен қатар мінезі де тым жұмсақ еді. Меккеде мүшріктердің көрсеткен қиындықтары оның нәзік табиғатына ауыр тигендіктен әрі Эфиопияға һижрет еткендерге мұсылмандардың ішінде оларға ең жақсы қамқоршы бола алатын Осман екенін білген Аллаһ Расулы оны сол жаққа жіберді.

Эфиопияда белгілі бір уақыт қалғаннан соң, "Меккелік мүшріктер мұсылман болыпты" деп жайылған жаңсақ хабарды естіген Осман (р.а.) Меккеге қайта оралды. Бұл хабардың негізсіз екендігіне көзі жеткен ол қайтадан Мәдинаға һижрет етті.

Оның ең негізгі ерекшелігі - биязылығы мен ұяңдығы. Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен бір хадисінде былай дейді:

"Бір күні Расулаллаһ үстіне жамылғысын жамылып демалып жатқан кезде  Әбу Бәкір келіп, үйге кіруге рұқсат сұрады. Расулаллаһ өзінің күйін өзгертпестен оған кіруге рұқсат берді. Ол сұрайтын нәрселерін сұрап болғаннан кейін шығып кетті. Содан кейін Омар келді, Пайғамбарымыз  және жағдайын еш өзгертпестен, оған рұқсат берді. Содан кейін Осман келіп рұқсат сұрағанда, Пайғамбарымыз тұрып, үсті-басын түзетті. Мұны байқаған Айша анамыз:

- Уа, Аллаһтың Елшісі! Әбу Бәкір мен Омар келген кезде жағдайыңызды еш өзгертпедіңіз, Осман келгенде неге өзгерттіңіз? - дегенде, Ардақты Елші (с.а.у.):

- Өйткені Осман - өте ұялшақ. Періштелердің ұялып, қысылған адамынан мен қалайша қысылмайын?"- деген[3].

Әбу Муса әл-Әш'ари былай дейді:

"Расулаллаһпен бірге бір үйге келгенде Ол (с.а.у.) маған:

- Есіктің аузында тұр және рұқсатсыз ешкімді үйге кіргізбе,- деді. Біраздан соң Әбу Бәкір келді.

- Ей, Аллаһ Елшісі, Әбу Бәкір келіп тұр,- дедім.

- Үйге кіргіз және Жәннатпен сүйіншіле,- деді.

Одан кейін Омар келді. Оған да солай деуімді бұйырды. Одан кейін Осман келді. Оған былай де:

- Оны ішке кіргіз, басына келетін қиындықтарға байланысты оны да Жәннатпен сүйіншіле,- деп Османның Зун-нурәйннің Жәннатпен сүйіншіленгендерден екенін, әрі келешекте оның басына үлкен қиыншылықтардың келетінін алдын ала айтып кетті[4]".

Хазіреті Осман (р.а.) жұбайы Рұқияның науқастануына байланысты Бәдір соғысына қатыса алмады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) соғысқа қатыспауға рұқсат алғанына қарамастан, Бәдірдегі шайқасқа қатыса алмаудың қайғысы жанын жегідей жеген-ді. Рұқия (р.а.) науқасынан айыға алмай қайтыс болды. Бәдірде мұсылмандардың жеңіске жетуі Османның қайғысын қуанышпен алмастырды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бәдірден оралған соң Османға (р.а.):

- Сен Бәдірге қатыспасаң да бір шейіттің сауабын алдың,- деп  тағы бір сүйінші хабар жеткізді.

Содан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) екінші қызы- Үммүгүлсүмді Османмен некелестіреді. Осыдан кейін хазіреті Османға "зун-нурайн" (қос нұрдың иесі) деген есім берілді.

Үммүгүлсім (р.а.) дүние салғаннан кейін де Пайғамбарымыз (с.а.у.) "Қырық қызым болса, оларды түгел Османға күйеуге берер едім" деп күйеу баласын жұбатқан еді[5].

Хижраның төртінші жылында болған «Затур-Риқа» соғысында Пайғамбарымыз (с.а.у.) Османды Мәдинада өзінің    орнына    уәкіл    етіп    қалдырады.   Бұдан   кейінгі  соғыстардың бәріне қатысқан хазіреті Османды «Хұдайбия» келісімі кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрайыштарға Елші етіп жіберді. Хазіреті Осман Меккеге келіп, ниетінің тек қана Умра қажылығын жасау екендігін айтып түсіндірсе де, мүшріктер оған қасарысып былай деді:

- Сені жіберген адамға барып айт. Ол ешқашан Меккеге кіріп, Қағбаны тауап ете алмайды. Алайда сен өзің тауап еткің келсе, біз қарсы емеспіз,- деді. Осман оларға былай деп жауап қайтарды:

-  Расулаллаһ тауап етпейінше, мен де Қағбаны тауап етпеймін.

Құрайыштар бұл сөзді естіп ашуланып, оны бір шама уақыт қамауда ұстайды.

Осман Зун-нурәйннің қамауға алынғандығы туралы хабар мұсылмандарға "шәйіт болды" деп жаңсақ жетті. Бұл  мұсылмандардың ашу-ызасын тудырды. Илаһи уахи Пайғамбарымызға (с.а.у.) серт беруді әмір етті. Бүкіл мұсылмандар Расулаллаһқа бағынып, Аллаһ және Оның Расулының жолында қасық қандары қалғанша шайқасуға серт берді. Расулаллаһ бір қолымен өзі үшін, екінші қолымен Осман үшін серт қабылдады. Бұл серт Ислам тарихында "Ридуан серті" деп аталынды.

Мұны естіген мүшріктер қорқып, хазіреті Османды босатып жібереді. Біраз уақыттан соң Османның аман-есен оралуы мұсылмандарды зор қуанышқа бөледі. Оған "Қағбаны тауап еткен шығарсың, сірә" дегенде, Осман оларға:

- Аллаһқа ант етемін. Егер Расулаллаһ Хұдайбияда болып, мен Меккеде бір жыл қалсам да, Ол (с.а.у.)   Қағбаны тауап етпейінше, Қағбаны жалғыз өзім тауап етпес едім,- деп жауап берді[6].

Осман (р.а.) кейінгі соғыстардың бәріне Хайбар, Меккенің алынуы және Хауазин ұрысына бастан-аяқ қатысты. Хунәйн соғысында дуал тәрізді өз денелерін тосып, Пайғамбарымызды (с.а.у.) дұшпаннан қызғыштай қорғаштағандардың арасында Осман да бар еді.

Тәбук соғысы - Ислам тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Хазіреті Осман осы соғысқа жәрдем ретінде Сирияға жіберу үшін дайындаған үш жүз түйені жүгімен қоса берді, әрі мың динар ақша және елу ат бағыштаған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның бұл жомарттығына байланысты, "бұдан кейін істейтін қателері Османға зиян келтірмейді" деп сүйіншілеген болатын[7].

Жомарт сахаба Осман байлығының шүкірін өтеу үшін мұқтаж адамдарға үнемі сый тарататын. Мәдинадағы аштық кезінде Осман (р.а.) Сириядан жүз түйенің жүгіндей мөлшерде астық алып келеді. Бұл бидайды сатып алу үшін сахабалар оның қасына жүгірісіп келеді. Бірақ Осман Зун-нурәйн оларға: "сіздерден жақсы, сізден мол ақы беретін алушым бар",- деді. Сағы сынып, ұнжырғасы түскен сахабалар бұны Әбу Бәкірге жеткізіп, Османның бұл әрекетіне реніштерін білдірді. Әбу Бәкір (р.а.) хазіреті Османды бәрінен жақсы танығандықтан, оларға:

- Ол Расулаллаһтың күйеу баласы болу арқылы құрметке ие болды. Жәннатта да - Оның жолдасы. Сіздер оны қате түсінген боларсыздар. Жүріңіздер, бірге барып жағдайдың анық-қанығын өзінен сұрайық,- деді.

Халифа Әбу Бәкір хазіреті Османға барып:

- Ей, Осман, сахабалар сенің сөздеріңе ренжіпті. Олардың меселін неге қайтардың?- дегенде, Осман (р.а.) :

- Ей, Расулаллаһтың халифасы! Олардан жақсы алушым бірге жеті жүз береді. Мен де бидайды бірге жеті жүз берушіге саттым,- деді.  

Осман Зун-нурәйн бұл сөздерімен керуендегі мал-мүлкін Аллаһ жолында садақа қылып бергендігін айтқан еді. Аз уақыттан соң жүз түйеге артылған астықты Мәдинадағы пақыр сахабаларға тегін таратып жіберді. Хазіреті Әбу Бәкір бұған қатты қуанып, Османның маңдайынан сүйді.

Бірде хазіреті Осман әлемдерге рақым етіп жіберілген Ардақты Елшінің (с.а.у.) үйінде қоректенетін азықтың қалмағанын естіп, сол арада бір семіз қой, біраз ұн және май  алып, Айша (р.а.) анамыздың үйіне алып барады. Ол:

- Ей, мүминдердің анасы! Расулаллаһ мұны басқа әйелдеріне де тегіс бөліп беретініне еш күмәнім жоқ. Бірақ, мұны жасамасын. Өйткені мен оларға да тура осындай мөлшерде азық жіберемін,- деді.

Аллаһ Расулы (с.а.у.) хазіреті Османның мәрттігін естіген кезде:

- Ей, Раббым! Османның өткен және келешектегі, жария  және құпия күнәларын кешіре гөр! - деп дұға етті.

Хазіреті Әли Фатима анамызға үйленер кезінде той шығындарын өтеу үшін қалқанын базарға сатуға алып шығады. Базарда Османға кездесіп, үйленетінін айтып, сүйінші сұрады. Той шығындарын көтеру үшін қалқанын сататынын айтады. Осман (р.а.) 480 дирхам төлеп, қалқанды сатып алды. Содан кейін Әлиге бұрылып:

- Ей, Әли! Аллаһ жолында қызмет етуің үшін бұл қалқанды саған тойыңа тарту етемін. Бұл қалқан сен сияқты Ислам қаһарманына ғана лайық, - деді. 

Атап өткендей, хазіреті Османның ең үлкен ерекшелігі - жомарттығы. Ол мал-мүлкін Аллаһ жолында жұмсаудан еш тартынбайтын. Бірде мұсылмандар ауыз су таппай қиналды. Рума құдығынан басқа ішер су таба алмады. Бұл құдық бір яһудидікі болатын. Суды мұсылмандарға өте қымбат бағамен сататын. Бұл жағдай Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанына қатты батты. Сахабалармен бірге отырған бір сәтте, Рума құдығын кім сатып алса, Жәннатта да оның осыған ұқсас құдығы болатынын Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты. Мұны естіген Осман бірден, сол яһудиді тауып алып, құдықты сатып алғысы келетінін айтады. Яһуди құдықты толық сатуға көнбей, өте қымбат бағаға оның жартысын ғана сатты. Осман қуаныштан төбесі көкке жетіп, Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, құдықтың жартысын сатып алып мұсылмандарға бағыштағандығын айтты. Аллаһ Расулы (с.а.у.)  Османның бұл әрекетін мақтап, оған ыстық ілтипат білдірді. Хазіреті Осман ақыры бұл құдықтың қалған жартысын сатып алып, садақа етті[8].

Ол істеген жақсылықтарын еш міндетсінбей, менменсінбей ынта-шынтасымен жасайтын еді. Хал-ахуалы нашар кісілердің бірі Осман Зун-нурәйнге келіп:

- Бүкіл жақсылықты мал-мүлкі бар сіздер жасайсыздар. Садақа бересіздер, құлдарға еркіндік алып бересіздер, қажылыққа барасыздар және көп бағыш жасайсыздар,- деді.

- Сіздер мұны қызғанасыздар, солай ма?

- Иә,- деген жауапты естігенде, Осман былай деді:

- Аллаһқа ант етейін, ешбір байлығы болмай еңбек ету арқылы табыс тауып, садақа жасаған адамның бір дирхамы, бай болып садақа жасаған адамның он мың дирхамынан артық. Өйткені бай көп малының бір бөлігін ғана береді[9].   

Адамдардың көңілінде жылылық пен мейірім ұялатқан Осман Зун-нурәйн атымтайдай жомарт, жібектей есіліп тұратын биязы болуымен қатар тақуалығымен де ерекшеленді. Ол халифа болып тұрған кезінде Ислам мемлекетінің ұлғайып, халықтың әл-ауқатының көтеріліп тұрған шағының өзінде бұл қасиеттерінен еш танған емес.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "Әркімнің Жәннатта бір досы бар. Менің Жәннаттағы досым - Осман", - деп хадисінде атап кеткен үшінші халифа сахабалардың арасында да үлкен құрметке ие болатын. Мемлекеттің күшті, бай болғанына қарамастан, ол кей кездері мешітте ұйықтайтын. Денесіне тас іздері түсетін. Бұған куә болған адамдар оның қарапайымдылығына таңғалып, "міне, нағыз мүминдердің әмірі" дейтін. Күндіз ораза ұстап, түндерін де Аллаһқа құлшылық етумен өткізетін. Түнде Құран оқудан айырықша ләззат алатын.

Оның   өмірінен қазіргі адамдар үшін қоғамдағы теңдік пен әділдік мәселесінде үлгі боларлық мына оқиғаны да айта кетейік: Бір күні хазіреті Осман өзінің қызметшісін қасына шақырып алып, "бір кездері мен сенің құлағыңнан тартқан едім. Кел, менен сол ақыңды ал" деп, құлға қоярда-қоймай құлағынан ұстатып, "қатты тарт, балам. Қысас* - бұл дүниеде. Ақыретте қысас жоқ",- дейді.   

Әбу Бәкір Сыддық халифа болып тұрған кезінде Османның (р.а.) кеңесіне жиі құлақ асатын. Әбу Бәкір өлім төсегінде жатып, өзінен кейінгі халифаның қасиеттерін баяндаған кезінде Осман (р.а.) бұларды жазып отырды. Халифа Әбу Бәкір өзінің атағысы келген адамының атын айта алмай бір мезет талып қалды. Осман (р.а.) оны қайтыс болған екен деп, хазіреті Омардың атын жазып жібереді.

Біраздан кейін Әбу Бәкір есін жиып, кімнің атын жазғанын сұрады. Осман:

- Сені жан тәслім етті деп ойлап қалдым. Алауыздықтың тууынан қорыққандықтан Омар ибн Хаттабтың атын жаздым, ей, мүминдердің әміршісі! - деді.

Әбу Бәкір (р.а.) оның бұл сезімталдығына қатты қуанып, ризалығын білдіріп:

- Исламға және мұсылмандарға жасаған бұл игілігіңе Аллаһ ақыретте көп жақсылық берсін. Егер өзіңнің атыңды жазсаң да, қателеспеген болар едің, - деді[10].

Хазіреті Осман Омардың (р.а.) халифалығы заманында да оған шамасының жеткенінше қолұшын берді. Омар Фаруқ мәңгілікке көз жұмар алдында тағайындап кеткен мына кісілерден: Абдуррахман ибн Ауф, Сағд ибн Әбу Уәққас, Талха, Зүбәйр, Осман және Әлилерден құралған шура мәжілісі (кеңесшілер мәжілісі) қос нұрдың иесі Османды халифа етіп шешті.

Ол халифалыққа былай тағайындалды: Омарды (р.а.) жерлеп біткеннен кейін жоғарыда аталған шура мүшелері екі күн бойы кеңесіп, бұл орынға кімді тағайындау керектігіне шешім бере алмады. Үшінші күні Абдуррахман ибн Ауф алты кандидаттың үшеуінің үміткерлігін алуын, қалған үшеуінің біреуін таңдау туралы ұсынысын айтты. Осы ұсыныс бойынша Зүбәйр ибн Әууам Әлиді, Сағд ибн Әбу Уаққас Абдуррахман ибн Ауфты, Талха ибн Ұбайдұллаһ Османды ұсынды. Абдуррахман ибн Ауф өзінің үміткер болмайтынын айтты. Ендігі шешім Әли мен Осман арасында қалды.

Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) олардың екеуімен де әңгімелесті. Осы уақыт ішінде көшедегі адамдардың, үйде отырған әйелдердің және балалардың да көзқарастарымен санасты. Көпшілік хазіреті Османды қалады. Абдуррахман ибн Ауф халықты мешітке жинап, халифалыққа Осман Зун-нурәйнды лайық деп тапқанын айтып, оған ант берді. Османға (р.а.) ант бергендердің екіншісі де хазіреті Әли болды. Содан кейін қалған мұсылмандар мұны құптап серт берді. Осылайша Осман ибн Аффан 644-жылы халифа болып тағайындалды.

Осман ибн Аффан халифалық құрған алты жылда Исламның байрағы биікте желбіреді. Бұл кезеңде Африканың маңызды бір бөлігі және Кипр алынды. Испанияға алғашқы жорықтар басталды. Сонымен бірге хазіреті Омардың өлімін пайдаланып бас көтерген Армения халқы да бағындырылып, Табаристан қолға өтті. Бұл жылдың ең маңызды оқиғасының бірі - Ислам әскерлерінің Византия әскерлерімен Ақтеңізде бетпе-бет келіп, оны талқандауы болды. Бұл жеңіс мұсылмандардың Ақтеңізде еркін қозғалуларына мүмкіндік берді. Мұсылмандар Малта мен Крит аралдарына шықты. Бұл кезде мұсылман топтарының бір бөлігі Анадолы жағалауына шықса, бір тобы Станбулдың қорғанына дейін жетті. Мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйіншісіне лайық болуға тырысып бақты. Өйткені, Пайғамбарымыз Константи-нопольдің (Станбул) міндетті түрде алынатынын айтып хабар берген еді.

Осман Зун-нурәйннің тарихи қызметінің ең негізгісі әрі маңыздысы  - Құранның нұсқаларын көбейттіруі. Ол кезде Армения мен Азербайжанның алынуына қатысқан сахабалардың арасында Құранды оқу мәселесінде кейбір айырмашылықтар пайда болды. Өйткені Құранның оқылуын Ирак әскеріндегілер Ибн Мәсғұттан, Сириялық әскерлер Үбәй ибн Қағбтан үйренген болатын. Бұл айырмашылықтардан туатын қауіпті көрген Хұзафатуль Йемени хазіреті Османға келіп, бұл үмбеттің арасында яһудилер мен христиандардың кітаптарына байланысты бастарында болған жағдай, яғни, келіспеушіліктің мұсылмандар арасында да пайда болуының алдын алып, ол қатерден сақтау керектігін айтты.

Бұл ұсыныстан кейін хазіреті Осман сахабалардың арасындағы беделді тұлғалардан құралған ақылдастар кеңесін құрды. Бұл топ халифа Әбу Бәкірдің кезінде жиналып, Омар Фаруқтың қызы хазіреті Хафсада болған Құранды негізге ала отырып жеті нұсқа жасатып, мұсылмандардың көп шоғырланған Куфа, Басра, Сирия, Мекке, Йемен және Бахрейн сияқты жерлерге жіберді. Мәдинада қалдырылған нұсқаны "имам нұсқасы" деп атады.        

Үшінші халифа басшылығының он жылы теңіздегі және құрлықтағы жеңістерге толы өтті. Мұсылман мемлекетінің аумағы кеңейді. Халифа Османның кезінде мемлекет қаржысы молайып, халықтың  әл-ауқаты жақсарды. Материалдық жағынан салыстырғанда, хазіреті Османның дәуірі алдыңғы халифалардан жоғары саналады.

Алайда Зун-нурәйн Османның халифалығының соңғы жылдарында бүлікшілік пен тәртіпсіздік кең етек алып кетті. Осман ибн Аффан мен Әлидің халифалықтары тұсында шыққан бұл жайсыз оқиғалардың себептері төңірегінде Ислам ғалымдары бірауыздан мына жағда-яттарды атап көрсетеді:

1. Ғаламның рақым нұрын (с.а.у.) көру бақытына ие болған сахабалардың азаюы; тірі қалған сахабалардың  қартайып, өз-өздерімен болғандығы; Басқаруға толық лайықты кісілердің қатарының сиреуі де бұған негіз болды.

2. Жәһилия заманында бір ру мен тайпаға тән болудың мақтаныш сезімдері, Ислам құндылықтарын ұстанған әділ басшыларға бағынуы арқылы  ұлы сезімдерге ауысқан еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салғаннан кейінгі жеңістер, құрайыштық жастардың басым көпшілігінің лауазымды орындарға келуі, олардың сол тайпаға тән болғандығының басқалардан жоғары болу сезімдерін қайта оятып, бұл мұсылмандар арасында жайсыз жағдай туғызды.

3. Ислам мемлекеті шекарасының кеңейіп, әр түрлі ұлт, дін, әдет және мәдениет өкілі болған халықтардың мұсылман болуы немесе мұсылмандардың қол астына кірулері, кейбір ұлттардың, әсіресе, Ирандықтардың ұлттық мақтаныш сезімдері біраз тегеурінге ұшырағандықтан, Исламның бір ортадан басқарылуына қарсы кедергілердің пайда болуына жол ашты.

4. Осман ибн Аффанның жұмсақтығы, адамдарды жазалаудың орнына кешірімді болуы да өз салқынын тигізбей қоймады.

5. Осман (р.а.) мұсылман болмай тұрып та жомарт және туыстарына жанашыр жан еді. Мұсылман болғаннан кейін оның бойындағы бұл сезімдер кемеліне келе толықсып, өз туыстарына деген жанашырлығы арта түсті. Оның оларға өз мүлкінен берген нәрселері бүлікшілер тарапынан мемлекет қазынасынан беріліп жатқандай көрсетіліп, түсінбестіктен ел ішінде бүліктің өршуіне себеп болды.

6. Әбу Бәкір Сыддық пен Омар Фаруқтың кезіндегі басшылар парасатты болғандықтан, ел іші алауыздықтан алыс болатын. Осман Зун-нурәйн болса, елді басқарудың қиындығына байланысты, өзіне сенімді адамдарды ғана лауазымды орындарға таңдаған еді. Ол бұлай жасау арқылы орталықтың беделін күшейтуді ойлады. Әрине, оның қойған адамдары да басшылыққа лайық болатын. Бірақ, бұл жағдай қарсыластарының "билікке өз туыстарын тартып жатыр" дейтін жалаға толы жел сөзді қоздатуына қолайлылық тудырды.

7. Жеңіс даңқының арқасында араб қоғамының басқа ұлт және халықтармен қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Мұсылман арабтардың басқа ұлт өкілдеріне үйленулері, жаңа мұсылман болған немесе әлі христиан немесе яһуди отбасында дүниеге келген балалардың діни тәрбиесінің әлсіз болуы да, бүлікшіліктің шығуына қолайлы жағдай жасады[11].            

Ол ол ма, бұған яһуди текті Абдуллаһ ибн Сәбәнің де іс-әрекеттері қосылғанда сөне қоюы қиын бүлік өрті айналаны қаулады.               

Хижраның отыз бесінші жылы Куфа, Басра, Мысыр сияқты аймақтардан келген бүлікшілер хазіреті Османның үйін қоршауға алады. Әли және де басқа да белгілі сахабалар қоршауды бұза алмайды.

Бүлік ұлғайып, оны тоқтату өте қиынға соқты. Хазіреті Әли екі ұлы - Хасан мен Хусейнді халифаны қорғау үшін күзетші қылып қалдырды. Абдуллаһ ибн Омар және басқа да сахабалар халифаны қорғаумен болды. Бұл кезде бүлікшілердің аптыққан демін басатын жасақ бар болатын. Абдуллаһ ибн Зубәйр, Зәйд ибн Сәбит, Әбу Һурәйра және басқа да сахабалар Аллаһтың дініне көмектесуге дайын екендіктерін, халифа рұқсат берсе, бүлікшілерге қарсы соғысатындарын айтады. Бірақ, жұмсақтық, әдептілік пен ұялшақтықтың ізгі үлгісі Осман мұсылмандардың қанының төгілуін қаламады. Ол бұл өтініштерін қабылдамай:

- Мен ешқашан мұсылман қанын ағызушы халифа ретінде еске алынуды қаламаймын. Бір адамның болса да қанының ағуынан Аллаһқа сиынамын. Бірақ мен олардың да, оларды маған қарсы айдап салушылардың да істерінің нәтижесін Аллаһқа аманаттаймын, - деп, өзіне өлім төніп тұрса да жұмсақтығынан таймады[12].      

Әдептілік, ар-ұят және жақсылықтың өрнегі, үшінші халифа шейіт болмастан бір күн бұрын түсінде Пайғамбарымызды (с.а.у.), Әбу Бәкір мен Омарды көрді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған, "Біз ораза ұстадық, сені де ауыз ашарға күтеміз",- деді. Оянғаннан кейін Осман (р.а.) сол түні ораза ұстауға ниет етті. Қуанышы қойнына сыймады.  Өйткені, Аллаһқа және Оның Расулына қауышудың мезгілі жеткен еді. Күн жұма. Құран оқи бастады. Бүлікшілердің бірнешеуі тап осы сәтте ішке кіріп, хазіреті Османды шейіт қылды. Османның қаны оқып отырған Құранға тамды. Осылайша Пайғамбарымыздың (с.а.у.) келешекке байланысты айтқан бір мұғжизасының құпиясы ашылды. Өйткені Ол (с.а.у.) оның нақақ қаны төгіліп жазықсыз өлтірілетіндігін күні бұрын айтқан еді. (Саңлақ сахабалар кітабынан)

 

[1] Табақат, 3:5; Халәби, Инсануль ‘уюн ас-сиратул-халабия, Бейрут, 1980, 1:446.

[2] Инсануль ‘уюн, 1:446.

[3] Муслим, Фадаилу-с- сахаба: 26-27.

[4] Тирмизи, Манакыб: 19.

[5] Усдул-ғаба, 3:378.

[6] Сира, 3:330 .

[7] Тирмизи, Манақыб:19; Хаяту-с-сахаба, 2:97.

[8] Тирмизи, Манақыб:19.

[9] А. Куружан, 171-172.

*Қысас - қылмыс істеген адамның тура сондай жазамен жазаландырылуы.

[10] Хаяту-с-сахаба, 2:14.

[11] А. Нәдуи, 1:336-337.

[12] Тирмизи, Манақыб:19; Муслим, Фадаилу-с-сахаба:28.

Категория: Сахабалар өмірбаяны
Bottom Tab Content