• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Abdullah ibn Salam"Абдуллаһ ибн Сәлам - Жәннатпен сүйіншіленген он адамның он біріншісі".

 (Хадис)

     Бұл қаһарманымыздың мұсылман болуы бізге хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.)  көптен күтілген соңғы Пайғамбар болғандығын айқындай түседі. Сондықтан оның мұсылман болуы жайлы оқиғасына кеңірек тоқталамыз.

   Әл-Хусәйн ибн Сәлам болашақ ұлы мәдениеттердің қайнаған ошағы нұрлы Мәдинаның маңында өмір сүрген Яһуди тайпаларының бірі Бәну Қайнуқада дүниеге келген. Оның әкесі Сәлам мен атасы Харис яхудилердің арасындағы ең білгір ғалымдарынан еді.

     Әкесі Хусәйннің ғалым болып өсуін қалап, арнайы тәлім-тәрбие беріп, көзінің қарашығындай қарады. Уақыт өте келе Хусәйн яһудилердің арасында саусақпен санарлық ғалым дәрежесіне жетті.

     Ол халық арасында білгірлігі, діндарлығы мен туралығы жағынан танылды. Уақытының көбін синагогта уағыз жасап, ғибадат етумен және Тәуратты зерттеп үйренумен өткізетін. Тәуратты әр оқыған сайын Меккеде шығатын соңғы пайғамбардың белгілерін оқып, терең ойға шоматын. Соңғы Пайғамбардың Мәдинаға көшетінін де кітаптарынан оқып үйренген Хусәйн Оның келуін асыға күтіп, Аллаһтан сол күнге жеткізуін сұрап мінәжат ететін. 

     Мәдинадағы яһудилер де Әлемдердің рақым нұрын (с.а.у.)  екі көзі төрт болып күтуде еді. Оның келуіне аз қалғанын да сезетін.

     Аллаһ Тағала Хусәйннің тілегін қабыл етіп, оның соңғы Пайғамбармен кездесуін және Ислам шуағын жаю жолында қызмет етуді нәсіп етті. Пайғамбарымызбен жолығып, мұсылман болуы жайлы өзі былай дейді:

    "Аллаһ Елшісінің пайғамбарлығын естіген кезде қуанышым қойныма сыймады. Өйткені, Оның атын, сипаттарын және келетін уақытын кітабымыздан оқып білген едім. Сол күнді асыға күттім. Алайда Оның Мәдинаға келгеніне дейін мұны ешкімге айтпауды жөн көрдім. Оның Қубаға келгені жайлы бір кісі хабар жеткізгенде мен құрма ағашының басында құрма жинап жатқан болатынмын. Нағашы әпкем Халида бинт Харисә ағаштың түбінде отырған. Аллаһ Расулының (с.а.у.) келгенін естіген кезде қуанғаннан бар даусыммен "Аллаһу әкбар!" дедім. Айқайлағанымды ұнатпаған әпкем:

     - Өй, құдай ұрғыр! Егер Имранұлы Мұса келсе, мұншама қуанбас едің, ә? - дегенде қуаныштан жүрегім жарыла жаздап:

    - Әпкетайым-ау! Аллаһқа ант етейін! Имранұлы Мұса қандай дінді уағыздаған болса, ол да сол дінді жаю үшін жіберілген,- дедім. Аңтарылып қалған әпкем бір сәт ойланды да:

     - Әлде бұл біздің қияметтен бұрын келуін сарғая күткен соңғы пайғамбар ма?- дегенде, әпкеме:

     -  Иә, нақ өзі,- дедім.

    Аллаһ Елшісін көру үшін оқтай ұштым. Оның есігінің алдында адамдар лық толы екен. Әрең дегенде қасына жақындадым. Оның аузынан алғаш естіген сөзім мынау болды:

   - Ей, жарандар! Араларыңда сәлемді кең таратыңдар. Елге тамақ жегізіңдер. Түн қараңғылығында, ел шырт ұйқыда жатқанда намаз оқыңдар, туған-туыстарыңмен байланыс үзбей көңілін сұраңдар, осылайша Жәннатқа кіретіндіктеріңе сенімді болыңдар.

Бұл сөздерге қатты еліткен мен бет-әлпетіне барлай қарап: "Мынадай жүзде ешбір жалғандық жоқ", - деп бірден иман келтірдім.

Аллаһ Елшісі:

    -  Сенің атың кім?- деп сұрағанда:

    -  Хусәйн ибн Сәлам, - дедім.

   -  Жоқ, сенің атың - Абдуллаһ ибн Сәлам, - деді.

   Осыдан кейін мен басқа есіммен шақырылуды қаламайтын болдым".         

  Тегінде барлық яһуди мен христиандар Аллаһ Елшісімен таныс еді. Бірақ, күншілдік пен кекшілдіктері иманға келулеріне негізгі тосқауыл болып тұрды. Ап-анық танып білетіндері сонша - иман келтіруге тек Аллаһ Елшісіне бір сәт көз тоқтатып қараса жетіп жатыр. Олар оның барлық түр-түсін жақсы білетін. Құран-Кәрім осы ақиқат жайлы былай дейді:

    "Өздеріңе кітап бергендеріміз, Оны өз ұлдарын танығандай таниды. (Бұған қарамастан) олардың бір тобы, біле тұра шындықты жасырады" ("Бақара", 146).

  Аятта Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) есімі аталмай, "Оны" деуі мынандай мағынаны меңзейді. Кітап иелерінің (яһуди, христиан) барлығы соңғы келетін Пайғамбары сөз етіп, "Ол" деген кезде бәрі Тәурат пен Інжілде есімі жазылған кісі деп білетін. Ол күдіксіз Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.)  еді. Яһуди мен христиандардың Пайғамбарды өз ұлдарынан да жақсы танитынының мәні осында.

Бір күні хазіреті Омар (р.а.) Абдуллаһ ибн Сәламнан:

   - Аллаһ Елшісін өз балаларың секілді танитын ба едіңдер? - деп сұрады.

  Ол:

   - Өз баламнан да жақсы танитын едім, -деп жауап қайырды.

  Омар Фаруқ, екінші рет: "Қалай?" - деп сұрағанда: "Балама шек-шүбә келтіруім мүмкін. Бірақ, Аллаһ Елшісінің ақырғы Пайғамбар екендігіне ешбір күмәнім жоқ",- деді. Бұл жауапқа Омар дән риза болып, орнынан тұрып, Абдуллаһ ибн Сәламның маңдайынан сүйді.[1]   

 Абдуллаһ ибн Сәлам мұсылман болғаннан кейін отбасындағыларға да Исламды уағыздады. Олардың бәрі Исламды қабылдады. Абдуллаһ ибн Сәлам оларға мұсылман болғандарын әзірге ешкімге жария етпеулерін айтып ескертті.

  Әрине, Абдұллаһ ибн Сәлам сияқты ғалымдарының басқа дінге өтуі олар үшін ауыр соққы болды. Мұсылман болмастан бұрын яһудилер оны пір тұтып, құрмет көрсетсе, Исламды қабылдағаны үшін одан тайқып шыға келді.

   Абдуллаһ ибн Сәлам Пайғамбарымызбен (с.а.у.) ақылдасып яһудилерді сынамақ болды. Пайғамбарымыз яһудилерді үйіне жинап, әдейі хазіреті Абдуллаһ жайлы пікірлерін сұрады. Олар Абдуллаһтың да, әкесінің де араларындағы ең абзал, ең қайырлы, ең білімді кісілер екенін айтып мақтады. Пайғамбарымыз олардан: "Егер Абдуллаһ мұсылман болса, сендер де иманға келесіңдер ме?",- деп сұрайды. Яһудилер бұлай болуы мүмкін емес деп ойлағандықтан: "иә",- деп жауап берген кезде, Пайғамбарымыздың үйінде жасырынып тұрған Абдуллаһ Мұхаммедтің (с.а.у.) Тәурат пен Інжілде жазылған соңғы Елші екенін қабылдағанын айтады, бірақ яһудилер табан астында тайқып шыға келді. Алдында ғана мақтан тұтып, халқының қалаулысы, елінің елеулісі екенін айтқан яһудилер оны жерден алып жерге салды. Әкесінің де, өзінің де араларындағы ең жаман адамдар екенін беттері бүлк етпей айтып шыға келді[2].

    Абдуллаһ ибн Сәлам өзінің қандастарына қарап:

  - Әй, яһудилер! Аллаһтан қорқыңдар. Мұхаммедтің сендерге әкелгенін қабыл етіңдер. Сендер оның Тәуратта аты мен сипаттары жазылған пайғамбар екенін де білесіңдер,- деген еді. Алайда пайғамбарлықтың өз араларынан шықпағанын көре алмаған өркөкірек яһудилер ақиқатты қабылдағысы келмеді.

    Абдуллаһ ибн Сәламның дәрежесі қаншалықты жоғары болғанына Құрандағы мына аят куәлік етеді:

  "Көрдіңіздер ме? Егер Құран Аллаһтан түсіп, сендер оған қарсы болсаңдар, сондай-ақ, Израил ұрпақтарынан осы сияқты Құранда білдірілген ақиқаттарға куәлік етсе де, сендер тәкаппарлық жасап, менменсіп иман етпесеңдер, әрине, Аллаһ залым елді тура жолға салмайды" - де"  ("Ахқаф", 10.)

  Абдуллаһ ибн Сәлам сахабалардың арасында білімділігімен қатар тақуалығымен көзге түсіп "Абадилаус-саб‘а" (жеті Абдуллаһ) деген атпен танымал ғалым сахабалардың бірі еді. Ол жайлы Муаз ибн Жәбәл қайтыс болар кезде өзінен өсиет сұрағандарға:

     "Ілім мен иманға іздеген адам  жетеді. Ілімді мына төрт кісіден алыңдар: Әбу Дәрдә, Сәлман Фариси, Абдуллаһ ибн Мәсуд және Абдуллаһ ибн Сәлам. Өйткені Аллаһтың Елшісі "Абдуллаһ ибн Сәлам - Жәннатпен сүйіншіленген он адамның он біріншісі" деген болатын" деп өсиетін айтып кетті[3]. 

ОҚО Орталық мешіт

 

[1] Мухтасару тәфсири ибн кәсир 1/140;  Суюти, әд-дуруль-мәнсур,1/357 ден ан-Нурул-халид, 1:47

[2] Сира, 2:164.

[3] Табақат, 2:353; Усдул-ғаба, 3:177; Кеңірек мәлімет үшін қараңыз: Р. Хайламаз, Диллердеки мужде, Измир, 2003, 173-191.