• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

Алла Тағаланың бар екенiн және бiр екенiн бiлiп, Оған иман келтіру ең үлкен парыз. Одан кейiнгi парыздардың ең маңыздысы — намаз. Иманның сыртқы, қоғамдағы көрiнiсiнiң белгiсi намаз. Намаз — жүректiң нұры, көңiлдiң қуанышы, рухтың күшi және мүминнiң миғражы.

Намазды араб тілінде «әс-салату» деп айтады. Бұл сөздің араб тіліндегі тілдік мағынасы «дұға ету» немесе «жақсы дұға жасау» деген сөз. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Оларға дұға ет. Өйткенi сенiң дұғаң оларға рақымшылдық»,[1]-деген. Ал, шариғаттағы мағынасы тәкбiрмен басталып, сәлеммен аяқталатын, арнайы әрекеттер мен сөздерден тұратын құлшылық.

Намаз Исламнан бұрынғы Алладан келген барлық дiндерде де бұйырылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бес уақыт намаз парыз болмай тұрғанда тек таңертең күн шықпай тұрып және кешке күн батқаннан кейiн күнiне екi рет намаз оқитын. Кейін Миғраж түнiнде бес уақыт намаз парыз болады.

Намаздың парыз болуы Құран Кәрім кітабымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Сүннеті және Ижмамен бекiтiлген.

Құран Кәрiмнiң көптеген жерiнде

«Намаз оқыңдар және зекет берiңдер...» деп бұйырылады. Осы сияқты Құрандағы кейбiр аяттар мынадай:

«Барлық намаздарды және ортаңғы намазды сақтаңдар».[2]

«Расында намаз мүминдерге белгiлі уақыттарда парыз қылынды»[3]

«Олар; ғибадатты тек Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмiр етiлген. Мiне осы — тұп-тура дiн».[4]

 «Намазды толық орындаңдар, зекет берiңдер де Аллаға жүгiнiңдер. Ол — сендердiң Иелерiң. Ол қандай жақсы Ие, әрі қандай жақсы Көмекшi».[5]

Ал, енді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеттінен  көптеген дәлелдерді келтіруге болады. Осы хадистердiң кейбiреуi мыналар.

«Ибн Омардан (р.ә) риуаят етiлген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ислам бес нәрсеге құрылған. Олар: Алладан басқа ешбір Құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед(с.ғ.с) Алланың елшiсi екендігіне куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау». [6]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Муаз бин Жәбәлдi (р.ә) Йеменге жiберерде оған:

«Сен әһли кiтап қауымына бара жатырсың. Сондықтан сен оларға барған соң оларды ең алдымен Алладан басқа ешбір құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшiсi екендігіне куәлiк етуге (таухидке) шақыр. Егер олар саған (құлақ асып) мойынсұнса, онда оларға Алла әрбір күн мен түнде (бір тәулікте) бес уақыт намаз оқу парыз еткендігін айтып жеткізгін. Егер олар саған (құлақ асып) мойынсұнса, онда оларға Алланың олардың байларынан алып, кедейлеріне беретін садақаны (зекеттi) парыз еткендігін айтқын. Егер олар саған (құлақ асып) мойынсұнса, олардың мал-мүлiкiнiң ең жақсысын алудан сақтанғын. Әрі зұлымдыққа ұшыраған кісінің дұғасынан (қарғысынан) сақтанғын. Өйткенi онымен Алланың арасында ешбір перде жоқ»[7]-деген болатын.

Сонымен қатар бүкіл Ислам ғалымдары бiр күнде бес уақыт намаздың парыз екендігін бір ауыздан мақұлдаған.

Намаздың Һижреттен бұрын Миғраж түнiнде парыз болғаны жайында нақты хабарлар бар. Мысалы, Әнәстан (р.ә) риуаят етілген мына бiр хадисте:

«Миғраж түнiнде Пайғамбарға (с.ғ.с) елу уақыт намаз парыз етіледі, сосын оны азайтып беске түсiреді. Сосын (Алла Тағала): «Ей, Мұхаммед! Расында Менiң алдымда сөз өзгермейдi. Осы бес уақыт намазда сен үшiн елу уақыт намаздың сауабы бар»-деп дауыстаған», [8]-делінеді.

Басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Менің үмметіме Алла Тағала елу уақыт намаз оқуды парыз еткен болатын. Мен оны алып Мұса (ә.с) алдынан өтіп бара жатқанымда ол маған: «Раббың сенің үметіңе нені парыз етті?»-деп сұрады. Мен оларға елу уақыт намазды парыз еткендігін айтқанымда Мұса (ә.с) маған: «Аса жоғары мәртебелі Раббыңа қайтып бар! Расында сенің үмметіңнің бұған шамасы жетпейді»,-деді. Сосын мен аса жоғары мәртебелі Раббыма қайта бардым. Ол оның (намаздың) бір бөлігін алып тастады. Кейін мен қайта келіп (болған жайды) Мұсаға (ә.с) айтып бердім. Ол маған: «Раббыңа қайтып бар! Расында сенің үмметіңнің бұған шамасы жетпейді»,-деді. Сосын мен аса жоғары мәртебелі Раббыма қайта бардым. Ол маған: «Осы бес уақыт намазда елу уақыт намаздың сауабы бар. Расында Менiң алдымда сөз өзгермейдi»-деді. Кейін мен Мұсаға (ә.с) қайтып келдім. Ол маған: «Раббыңа қайтып бар!»-дегенде мен енді аса жоғары мәртебелі Раббыма қайтып барудан ұяламын дедім»,-деп басынан өткен оқиғасын баяндап берген.

Намаз балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбiр мұсылманға парыз. Бiрақ жетi жасына толған балаларға да намаз оқуды үйрете беру керек. Ал, егер он жасқа толғанда намаз оқымайтын болса, онда оны қолмен аздап ұруға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Бала жетi жасқа келгенде оны намаз оқуға бұйырыңдар. Ал, он жасқа толғанда (намаз оқымаса) ұрыңдар»[9]-деп бұйырса, дәл осы сияқты Әмр ибул-Астан (р.ә) риуаят етілген мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Жеті жасқа келгенде балаларыңды намаз оқуға бұйырыңдар. Ал, он жасқа келгенде (намаз оқымаса онда) оларды ұрыңдар. Әрі олардың (осы жаста бастап) төсегін бөлек салыңдар»,[10]-деп бұйырған.

Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең алдымен есепке тартылатыны — оның намазы. Егер оның намазы дұрыс болса, онда оның құтылып, игілікке қол жеткізгені. Ал, егер намазы дұрыс болмаса, онда ол апатқа ұшырап, қайғыға душар болғаны»,[11]-деген. Сондықтан намаз мұсылмандар үшін өте маңызды бір ғибадат болып табылады.

Жалпы бiр күн, бiр түн iшiнде, яғни бір тәулікте бес уақыт намаз мұсылмандарға парыз. Ал, нәзір (атау), үтiр және айт намаздарын өтеу уәжiп амалына жатады. Қалған намаздар нәпіл намаздар, яғни ерікті намаздар болып саналады.[12]

Бірде бiр бәдәуи (шөл далада өмір сүретін арабтардың бірі) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасына келіп, Ислам діні жайында сұрағанына байланысты риуаят етiлген мына бiр хадисте былай делінеді:

Әлгі кісі Ислам діні жайында сұрағанда Алланың елшісі оған: «Бiр күн мен түн (бір тәулік) ішінде парыз етілген намаз бесеу»,-дейді. Сонда бәдәуи: «Менiң мойынымда бұдан басқа борыш бар ма?»-деп сұрағанда, Алланың елшісі (с.ғ.с): «Жоқ, егер өздiгiңнен нәпiл намаз оқысаң ол басқа»-деп жауап береді.Сосын Алланың елшісі (с.ғ.с) оған Рамазан айындағы оразаны айтады. Ол кісі: «Менiң мойынымда бұдан басқа борыш бар ма?»-деп сұрағанда Алланың елшісі (с.ғ.с): «Жоқ, егер өздiгiңнен нәпiл ораза ұстасаң ол басқа»,-деп жауап береді. Кейін оған Алланың елшісі (с.ғ.с) зекет жайында айтады. Ол кісі (тағы да): «Менiң мойынымда бұдан басқа борыш бар ма?»-деп сұрағанда Алланың елшісі (с.ғ.с): «Жоқ, егер өздiгiңнен нәпiл садақа берсең ол басқа»,-деп жауап береді. Әлгі кісі бұрылып бара жатып: «Алланың атымен ант етейін! Мен бұдан артық та, кем де жасамаймын»,-дейдi. (Оның бұл сөздерін естіген) Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер де ол рас айтса, онда ол құтылды»,[13]-дейді».

 



[1]Әт-Тәубә сүресі, 103-аят.

[2]Әл-Бақара сүресі, 238-аят.

[3]Ән-Ниса сүресі, 103-аят.

[4]Әл-Бәйинә сүресі, 5-аят.

[5]Әл-Хаж сүресі, 78-аят.

[6]Әл-Бухари, Иман, 1, 2;  Муслим, Иман, 19-22.

[7]Әл-Бухари, Зекет, 41, 63; Әл-Мәғази, 60, Таухид, 1;  Ән-Нәсай, Зекет, 1;  Әд-Дарими, Зекет, 1.

[8]Әт-Тирмизи, әс-Салат кітабы, 45; Нәсай, әс-Салат кітабы, 1, Ахмад бин Ханбал, III, 161, IV, 208, 209.

[9]Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 26; Ахмад бин Ханбал, II, 180, 187.

[10]Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 26.

[11]Бұл хадисті Әбу Һурайрадан Әт-Тирмизи риуаят еткен.

[12]Бұл туралы намаздың түрлері деген тақырыпта баяндайтын боламыз.

[13]Әл-Бухари, Иман, 34, Шәһәдат, 26; Муслим, Иман, 8, 10, 15, 17, 18; Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 1.

Категория: Намаз
Bottom Tab Content