• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

Намаз — Алла Тағаланың біздерге берген сансыз нығметтерiне шүкiршілік ретiнде парыз болған. Намаздың дiни, жеке тұлғалық, әлеуметтік, тәрбиелiк т.б. көптеген пайдасы бар.

 

Намаздың діни пайдасы

Намаз — Алла Тағала мен пендесінің арасындағы байланыс негізі. Бұл байланыс дiннiң тiрегi және негiзi болып табылады.

Бес уақыт намазды өз шарттына сай уақытында өтеп, үлкен күнә болып саналатын іс-әрекеттерді жасамаған адамның кіші күнәларының кешiрiлетiндiгi жайында Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәріптерінде айтылған. Мысалы, Құран Кәрiмде Алла Тағала:

«(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етiлген кiтапты оқып, намазды толық орында. Расында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды. Алланы еске алу әлбетте ең үлкен құлшылық. Алла не iстегендерiңдi өте жақсы бiледi».[1]–дейді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына:

«Сендердің бiреуiңнiң есiгiңнiң алдында бiр өзен ағып жатса, ол сол өзенге күн сайын бес рет жуынса, сол (кісінің бойында) кiр дейтiн бірдеңе қала ма?»-деп сұрағанда сахабалар: «Жоқ, оның бойында кірден ештеңе қалмайды»,-дейді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с): «Бес уақыт намаз да сол сияқты. Алла Тағала онымен қателерді өшіреді»,[2]-деген.

Оқылған намаздардың үлкен күнәлардан басқа кiші-гірім күнәларға кәффәрат болғандығы мына төмендегі хадисте былайша баян етіледі:

«Бес уақыт намаз бен жұма намазы үлкен күнәләрды iстемесе келесі жұмаға дейiнгi аралықтағы жасалған (кіші) күнәларына кәффарат болады».[3]

 

Намаздың жеке тұлғалық пайдасы

Намаз — пендені Аллаға жақындатады. Рух пен жiгердi арттырады. Адамды сабырға және шүкiршілік етуге үйретедi. Күн сайын белгiлi уақытта намаз оқыған адам нәпсі-құмарлық, мақтаншақтық сияқты жаман қылықтардан аулақ болады. Шынайы ықылас-ниетпен оқылған намаз жанға рухани тыныштық әкеліп, мiнез-құлықтың көркем болып қалыптасуына септігін тигізеді. Алла Тағала Құран Кәрiмде:

«Сабыр етiп және намаз оқып Алладан көмек сұраңдар. Расында бұл (Алладан) қорыққандардан басқаларға ауыр тиеді»,[4]-дейді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз менің көзімнің нұры деген. Дәлірек айтсақ Әнәстан (р.ә) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Дүниеде маған әйел және тамаша иiс сүйкiмдi етілді. Әрі көзiмнiң нұры намаз қылынды»,[5]-деген.

Сонымен қатар Алланың елшісі (с.ғ.с) намазды рахаттану сәті ретінде түсіндіргенін мына төмендегі хадистен аңғарамыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Біләлға:

«Ей, Бiләл! Тұр, намазға (азан) шақырып, бізді онымен рахаттандыршы»,[6]-деп бұйырған.

 

Намаздың әлеуметтік пайдасы

Намаз ұлтқа, түрге, тiлге және елге айырмай, мен мұсылманмын деген барлық кісілерді бiр сапқа жинайды әрі осылайша қоғамдағы ынтымақ-бірлікті күшейтедi.

Жамағатпен намаз оқылатын мешiттер халықтың бір-біріне көмектесу, жәрдемдесу және ұйымдасуына негiз болады. Алла Тағала Құран Кәрiмде:

«Жақсылық және тақуалықта көмектесiңдер. Күнә жасау және дұшпандық жасауда көмектеспеңдер»,[7]-делiнген болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с)мұсылмандарды бірінің үстіне бірі қаланып тұрған бейне бір құрылыстың кірпішіндей деп бейнелейді. Дәлірек айтсақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Мүмин мүмин үшiн бiрiн-бiрi тiреп тұрған құрылыс сияқты»,[8]-дейді.

 



[1]Әл- Анкәбут сүресі, 45-аят.

[2]Әл-Бухари, Мәуақит, 6; Муслим, Мәнасид, 283; Әт-Тирмизи, Әдеп, 80, 90; Ән-Нәсәй, әс-Салат кітабы, 7; Ибн Мәәжә, Иқама, 193.

[3]Муслим, әт-Таһара, 14, 15; Әт-Тирмизи, Мәуақит, 46; Ибн Мәәжә, әт-Таһара, 79, 106; Ахмад бин Ханбал, Муснәд, II, 229, 359, 400.

[4]Әл-Бақара сүресі, 45-аят.

[5]Сунән ән-Нәсәәи, Китәб ушратун-Нисә 3878, 3879-хадистер.

[6]Сунәән Әбу Дәуд, Китәбул-Әдәб, 4333-хадис.

[7]Әл-Маида сүресі, 2-аят.

[8]Әл-Бухари, әс-Салат кітабы459, әл-Әдәб 5567; Муслим, әл-Бирр, 4684; Әт-Тирмизи, әл-Бирр, 1851; Ән-Нәсай, әз-Зәкәт 18799.

Категория: Намаз
Bottom Tab Content