• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

С: Қажылыққа келушілер үшін тек қана ихраммен өтуі тиіс мәрелер – миқаттар қайсы?

Ж:Пайғамбар (с.а.с.) белгілеген бес миқат:

1.     Мәдина жұрты үшін Зул-Халифа.

2.     Ирақ жұрты үшін Зату Ирқ.

3.     Шам халқы үшін Жухафа.

4.     Нежд жұрты үшін Қарн.

5.     Йемен халқы үшін Иәләмләм.

Бұл мәрелер аталған елдерден және сол жолдармен келетін қажылар үшін белгіленген.

С: Бұл алыс жерден келетін қажылар үшін екен. Ал, енді сол миқаттарда тұратындар не сол миқаттар мен Мекке аралығында тұратындар және меккеліктер ихрамды қай жерде киеді?

Ж: Кім миқат шекарасында тұрса сол миқаттан киеді. Миқат пен Мекке аралығында тұрушылар халал аймағында киеді. Халал аймағы дегеніміз миқаттар мен Харам аралықтары. Харамның, яғни, Меккенің өзінде тұратындар үшін қажылық кезіндегі миқат – харам, ұмра кезіндегі миқат – халал.

С: Ихрамды осы миқаттардан бұрын киюге бола ма?

Ж: Иә, ерте киюге болады. Ихрам талаптарын толық орындай алатындығына сенімді болса ихрамды қажылық айларында киген абзалырақ.

С: Ихрамды осы миқаттардан өтіп кеткен соң кисе бола ма?

Ж:Олай етуге болмайды. Миқаттан өтіп кеткен соң ихрам кисе, бір қой союы тиіс.

С: Қажылықты ниет еткен кісінің Меккеге баратын жолы осы миқаттардың ешқайсысын кесіп өтпейтін болса не істейді?

Ж: Аталған миқаттың біреуінің тұсынан өткенде ихрам киінеді.

С: Ихрам дегеніміз не?

Ж: Ол – қажылыққа немесе ұмраға ниет етіп, тәлбия айту.

С: Ихрамның сүннетегі түрі қандай?

Ж: Сүннет бойынша егер ихрам жағдайына өтуді қаласа ғұсыл яки дәрет алады, ғұсыл алу абзал. Тігісі жоқ жаңа не жуылған, таза екі ақ матаны оранады. Біреуін шалбар орнына, екіншісін жоғары жағына киеді. Бұл киім ихрам киімі деп аталады. Иіссуы болса себеді. Басын жауып, екі рәкәғат нәпіл намазын оқиды. Намазын бітірген соң басын ашып, қажылыққа ниет етеді. «Я, Алла! Мен қажылыққа ниет еттім. Дұрыс өтеуді жеңілдет, менен қабыл ал!» деп мына тәлбия дұғасын айтады: «Ләббәйкаллаһума ләббәйк! Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъматә ләкә уәл-мулк лә шәрикә ләк!». Осы дұғаны сөздерін қалдырмай, айнытпай айтуы шарт. Қосымша дұғалар қосса болады. Осы дұғаны айтқанда ихрамға кірген болып есептеледі. Мұнан кейінгі жерде ихрам жағдайын бұзатын нәрселерден мұқият сақ болуы қажет.

С: Егер қажылыққа шыққан әйел етекірлі немесе нифас қаны болса қажылыққа ихрам жасай ма, әлде қанның тоқтауын күте ме?

Ж: Қанның тоқтауын күтпейді, шомылатын жер болса тазалық үшін ғұсыл алады. Шашын тарап, ихрам киімін киеді. Екі рәкәғат нәпілін оқымайды. Қажылыққа не ұмыраға ниет етіп, тәлбияны қайталайды. Егер ниет етіп, тәлбия айтса ихрам жасаған болады. Ал, Меккеге кірген болса қанның тоқтауын күтеді. Тазарғанда ғұсыл алып, тауап жасай береді.