• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

С: Қажылық пен ұмраның ихрамын бір етуге бола ма?

Ж: Иә, болады. Осылай жасау әрқайсысын жеке жасаудан және тәмәттуғ жасағаннан артық. Ал, тәмәттуғ жеке жасағаннан артық. Екеуіне бір ихрам жасау қиран, ал оның иесі қиран жасаушы деп аталады.

С: Қиран рәсімінің сипаты қандай?

Ж: Оның сипаты миқаттан ихрам киімін киіп «Я, Алла! Мен қажылық пен ұмраны жасауға ниет еттім. Жолымды жеңілдет! Қабыл ал!» деп қажылық пен ұмраға бірге ниет етеді. Сосын тәлбия дұғасын айтып ихрам жағдайына өтеді. Меккеге кіргенде тауаптан бастайды. Оң иығын ашық күиінде Бәйтулланы жеті рет айналып, ұмра тауабын жасайды. Алғашқы үш айналымында тездетіп жүреді. Сонан соң Сафа мен Маруа арасында жүгіреді. Бұл – ұмраның істері. Осыдан кейін қажылықтың келу тауабын жасайды, Сафа мен Маруа арасындағы жүгірісін де орындайды. Сонан соң зул-хижжа айының сегізі болуын күтеді. Сегізі күні Минаға қарай жүріп, бұдан әрі қарайғы күндері қажылық амалдарын атқарады.

С: Қиран жасаушы үшін қосымша амалдар жоқ па?

Ж: Иә, құрбан шалатын күні үлкен жәмәраттан соң һәди құрбандығын шалуы уәжіп. Аллаға шүкір түрінде қой сояды, болмаса басқалармен бірігіп ірі қара малдың жетіден біріне ортақтасады. Сосын шашын алып не қысқартып, екі ихрамнан бірдей шығады. Құрбандық шалмай тұрып шашын қысқартуына болмайды. Шашын алған соң әйелімен жақындасудын басқа барлық тыйым салынған әрекеттерді істеуіне рұқсат.

С: Құрбандыққа шалатын мал сатып алатын ақшасы болмаса не істейді?

Ж: Ондай жағдайда қажылық кезінде соңғы күні Арафат күні болатын үш күн ораза тұтуы керек. Еліне оралған соң жеті күн ораза тұтады. Барлығы он күн.

С: Үш күн оразаны Арафа күнінен бұрын тұта алмай, құрбандық күні болса не істейді?

Ж: Мұндай жағдайда тек құрбан шалуы тиіс.

С: Үш күн оразаны уақытында тұтқан адам қалған жеті күнін де Меккеде тұрып тұтса бола ма?

Ж: Иә, олай етуге болады.

С: Қажылық пен ұмраға ихрам киген адам Меккеге соқпай, тікелей Арафат тауына барса үкімі қандай?

Ж: Тікелей Арафатқа барып тұруы ұмра жасауды қаламағандығын білдіреді. Сөйтіп, қиран құрбандығын шалу мойнынан түседі. Оған ұмраға ниет етіп, орындамағаны үшін құрбан шалып, кейін қазасын өтеуі керек.