• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

С: Тәмәттуғ деген не?

Ж: Ол – қажылық айларында миқаттан ұмраға ниет етіп ихрам киіп, Мекеге кіріп, бірінші ұмра амалдарын атқару. Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Маруа арасында жүгіріп, шашын қысқартып, не алып, ұмраның ихрамынан шығады. Сосын Меккеде халал жағдайында тұрады. Бес уақыт намаздарын Мешіт Харамда оқып, Бәйтулланы тауап етіп жүреді. Сосын зул-хижжаның сегізі күні харам жерінен қажылыққа ихрам киініп, қажылық амалдарын жасайды. Оны күні үлкен жәмратта тас лақтырған соң екі ғибадатты қосып орындағанына шүкірлік ретінде құрбан шалады. Егер құрбандық шалатын нәрсе таппаса, қажылықта Арафа күніне дейін үш күн, еліне қайтқан соң жеті күн – барлығы он күн ораза тұтады. Құрбан шалмайынша шашын алмайды, қысқартпайды. Бұл үкімдер жайында қиран бөлімінде айтылды.

С: Ұмра үшін ихрам киіп, құрбандыққа шалатын малын (һәди) алдына салып келгеннің үкімі қандай?

Ж: Иә, тәмәттуғ жасаушы құрбандықсыз келуші және құрбандығын бірге ала келуші болып екіге бөлінеді. Алғашқысы туралы жоғарыда айтып өттік. Ал, екіншісіне келер болсақ, ол миқаттан тек ұмра үшін ихрам киінеді. Құрбандыққа шалатын малын алдына салып алып келеді. Егер сиыр болса мойнына белгі тағады. Егер түйе болса Әбу Юсуф пен Мұхамедтің көзқарастары бойынша өркешінің оң жағына ен тағады. Ал, Әбу Ханифа пікірі бойынша ен тақпайды. Меккеге кіріп, ұмраның тауабы мен жүгірісін жасаған соң ихрамын шешпестен сегізінші күнді күтеді. Сегізі күні қайтадан қажылыққа ихрам киінеді. Қажылық амалдарын істейді. Үлкен жәмраттан соң құрбандық шалады. Сосын шашын қысқартады немесе алады. Осыдан кейін ұмраның да, қажылықтың да ихрамынан құтылған болады.

С: Тәмәттуғ жасаушы қажылық үшін ихрамды сегізінші зул-хижжадан бұрын кисе бола ма?

Ж: Иә, болады. Тәмәттуғ иесі болып қала береді. Кейбір ғалымдар хаж ихрамын сегізінен бұрын киген абзал деген.