• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

С: Бір күнде неше намаз парыз болған?

Ж: Бір күнде бес уақытта бес намаз парыз етілді. Әрқайсысының шектеулі уақыты бар.

С: Ол бес уақыт қайсы?

Ж: Олар мыналар:

1.     Бесін намазының уақыты күн тас төбеге келіп, әрбір нәрсенің көлеңкесі өзінің бойынан екі есе ұзарғанға дейін созылады. Бұл – Әбу Ханифаның көзқарасы. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірлері бойынша әрбір заттың көлеңкесі өзінің бойының мөлшеріндей болғанға дейін созылады.

2.     Екінті намазының уақыты жоғарыда айтылған бесін уақыты аяқталғаннан басталып, күн батқанға дейін.

3.     Ақшам намазының уақыты күн батқаннан бастап күн шапағы көкжиектен жоғалып кеткенше.

4.     Құптан намазының уақыты күн шапағаты әбден жоғалғаннан бастап екінші таң атқанша.

5.     Таң намазының уақыты екінші, шынайы таң атқаннан бастап күн шыққанға дейін.

С: Шапақ дегеніміз не?

Ж: Кешке күн батқан соң көкжиекте күннің қызарған жарығы қалады. Бұл жарық күн батып кеткен соң қырық минуттай аспан шетінде көрініп тұрады да, бірте-бірте ағара бастайды. Осы қызыл және ақ белгілерді шапақ деп атайды. Әбу Ханифа шапақ дегеніміз соңғы ақ белгі, осы белгі жоғалғанда ақшам уақыты бітіп, құптан уақыты кіреді деген.

С: Екінші, шынайы таң дегеніміз не?

Ж: Түн аяқталуға айналғанда шығыс көкжиекте ұзыннан ұзақ созылған жарық көрінеді. Алайда, бұл жарық көп тұрмай, қараңғылық қайтадан қоюланады. Осы жарық алғашқы, алдамшы таң деп аталады. Қараңғылық қайта түскеннен кейін біраз уақыттан соң шығыс көкжиекте айқын жарық-нұр көрініп, бірте-бірте ұлғая береді. Осы жарық нағыз, шынайы таң деп аталады.

С:Әрбір парыз намаздарындағы рәкәғаттардың саны қанша?

Ж:Бесін, екінті, құптан намаздарының парыздары төрт рәкәғат. Ақшамда үш, таң намазында екі рәкәғат.

С: Бұл парыздардан өзге намаз түрлері бар ма?

Ж: Иә, намаздың парыздан басқа да түрлері бар. Олар – үтір намазы сияқты уәжіп және сүннет намаздар. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын боламыз.

С: Үтір намазының уақыты қашан?

Ж: Үтір намазының уақыты құптан намазының уақытымен бірдей. Бірақ үтірді құптаннан бұрын оқуға болмайды.

С: Намаз оқудың абзалырақ уақыттары бар ма?

Ж: Иә. Мұндай ерекшеліктер бар:

1.     Таң намазын айнала жарық болғанға дейін кешіктіру мұстахаб. Осы уақытқа жеткенде оқу – сүннет. Намаз белгілі бір себеппен бұзылса күн шығып келе жатқан уақытқа қалдырмай оқып алу керек.

2.     Бесін намазын жазда кешіктіріп, қыста ертерек – алғашқы уақытында оқу мұстахаб.

3.     Екінті намазын жазда да, қыста да кешіктіріп оқу мұстахаб. Бірақ күннің райы қайтқанға, яғни тіке қарағанда көзді ауыртпайтын уақытқа қалдырмау қажет.

4.     Ақшамды қыста да, жазда да алғашқы уақытында оқу мұстахаб.

5.     Құптан намазын түннің үштен біріне дейін кшіктіру мұстахаб.

    Бұл жалпы күндер мен жағдайларға арналған. Ал, егер күн бұлтты болса екінті мен құптанды ертерек, алғашқы уақытында оқыған абзал, ал басқа уақытта кешіктіру мұстахаб.

Түнгі намаз оқуға әдеттенген кісіге түнде ұйқыдан тұрып оқитынына сенімді болса үтір намазын түннің соңына кешіктіруі мұстахаб. Ал, егер тұратынына сенімді болмаса ұйқыға жатпастан бұрын оқу қажет.

Категория: Намаз бабы
Bottom Tab Content