• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

С: Намаз басынан аяғына дейін қалай орындалады?

Ж:Намаз бастағысы келген адам алдымен екі қолын құлақтарына көтеріп ифтитах-тахриме тәкбірін алады. Тәкбірден кейін сол қолын оң қолының үстіне қойып кіндігінің астына байлайды. Сәнә дұғасын оқиды. Ол былай: «Сүбханәкәаллаһумма уа бихамдик уа тәбаракасмук уа тәъала жаддук уа ла иләһә ғайрук». Сосын «Ағузу» мен«Бисмилланы» оқиды. Осы үшеуін іштей жасырын оқиды. Ұюшы «Ағузуды» да, «Бисмилланы» да айтпайды. Сосын намаз оқушы Фатиха сүресін оқып, іштей «Әмин» дейді. Онан соң бір қысқа сүре немесе үш қысқа аят оқиды. Мұны оқып болған соң тәкбір айтып қолдарын көтерместен рукуғқа барады. Рукуғта саусақтарының арасын ажыратып, екі қолын екі тізесіне қойып, сирақтарын түзейді. Рукуғта арқасын түзу ұстайды. Басын жоғары да көтермейді, төмен де тұқыртпайды. Рукуғта «Субхана Раббиал-азим» деп үш рет айтады. Бұл ең аз мөлшері. Сосын рукуғтан «Самиаллаһу лиман хамидаһ» деп тұрады. Тік тұрғанда егер жеке болса «Рәббана ләкәл хамд»  деп айтады. Ал, жамағат болса имам «Самиаллаһу лимән хамидаһ» деп, ал ұюшы «Рәббана ләкәл хамд»  депайтады. Намаз оқушы бұдан кейін түзеліп тұрады. Сосын тәкбір айтып сәждеге құлайды. Алдымен тізелерін, сосын қолдарын, сосын екі қолдың ортасына маңдайын қояды. Саусақтарын біріктіріп, Құбылаға қаратып орналастырады. Сәждені мұрнымен, маңдайымен жасайды. Екі білегін екі жағына шығарады. Қарнын аяқтарына тигізбеу керек. Аяғының башпайларын Қыбылаға қаратып иеді. Сәждеде жатқанда үш рет «Субхана Раббиал Ағла»  тәсбихын айтады. Бұл ең аз мөлшері. Сосын тәкбір айтып, екі қолдарын екі сандарына қойып, басын сәждеден көтеріп аз отырады. Сонан соң қайтадан тәкбір айтып, сәждеге барады. Үш рет «Сүбхана Раббиал Аъланы» айтады. Сосын тәкбірмен орнынан тұрады. Тұрарда қолдарын жерге тіремейді, еш нәрсеге сүйенбейді. Қиямға тұрады. Бұл қиям алғашқы қиям секілді, алайда «Ағузу» мен Сәнә дұғасы оқылмайды. Мұнда Фатиха мен қосымша сүрені оқып, рәкәғат пен сәжделерін орындаған соң сол аяғын төсеп, үстіне отырады, ал оң аяғының саусақтарын Құбылаға қаратады. Оң қолын оң санының, сол қолын сол санының үстіне қояды. Ибн Масғуд (р.а.) Әт-тәхият дұғасын былай оқыған:  «Әт-тәхййәтту лилләһи уас-салауату уат-таййбат әс-сәләму аләйкә әййуһаннәбййу уа рахматуллаһи уа баракатуһ әс-сәләму аләйнә уа алә ибадиллаһис-салихин әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһ уа әшһаду әнна Мухаммадан абдуһу уа расулуһ». Шәһәдәтты оқығанда бас бармақ пен ортаншы саусақпен шеңбер жасап, төртінгі, бесінші саусақтарын бүгіп, сұқ саусағымен ишарат жасайды. Намаз екі рәкәғатты болса Әт-тәхияттан кейін Пайғамбарға (с.а.с.) салауат – «Салли», «Бәрик» дұғаларын оқып, одан соң Құран мен Сүннеттен басқа дұғаларды («Раббәнә әтина, Раббәнағфирли») оқиды. Осыларды оқып біткен соң бірінші оң жағына, сосын сол жағына  «Ассаләму аләйкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» деп сәлем береді. Басын бұрғанда шекесі артындағы кісіге көрінетіндей болуы керек. Сәлем бергенде жамағатта болса бұрын айтып өткеніміздей имамға, ұюшыларға, періштелерге деген ниетпен береді. Оқып жатқан намазы төрт рәкәғатты болсаӘт-тәхиятты оқып болған соң орнынан тұрып үшінші рәкәғатты оқиды. Мұнда «Ағузу», Сәнә дұғасы оқылмайды. Бұл рәкәғатты сәжделермен жасап бітірген соң төртінші рәкәғатқа тұрады. Алғашқы екі рәкәғат сияқты орындайды. Төртінші рәкәғаттың сәжделерін аяқтаған соң соңғы отырысқа отырып, Әт-тәхият пен салауатты, дұғаларды оқып болған соң оңға және солға сәлем беріп намазын тәмәмдайды. Үш рәкәғатты намаз болса үшінші рәкәғаттың сәжделерін жасап болған соң соңғы отырысқа отырып Әттәхият пен салауатты, дұғаларды оқып сәлем береді.

С: Сәлдесінің орамасына, киімнің шетіне сәжде жасаса не болады?

Ж: Бұлай сәжде жасау мәкруһ. Үзірлі болса мәкруһ емес.