• Таң

  • Күн

  • Бесін

  • Екінті

  • Шам

  • Құптан

Text Size
Top Tab Content

С: Егер бесін немесе құптан намазын жеке оқып бастап, сәждеге жығылған кезде жамағат намазы басталып кетсе не істеу керек?

Ж: Намазын әрі қарай жалғастырып, екі рәкәғат етіп доғарып, имамға ұйиды.

С:Егер сәждеге жетпеген болса ше?

Ж: Онда намазын тоқтатып, жамағатқа қосылады.

С: Егер бесін немесе құптан намазының үш рәкәғатының сәждесіне келген кезде жамағат намазы басталып кетсе не істеуі керек?

Ж: Намаз оқып бітіріп, имамға нәпіл намазы деп ұйиды.

С: Үшінші рәкәғаттың сәждесіне келмеген болса ше?

Ж: Онда намазын тоқтатып, имамға ұйиды.

С: Қалай тоқтатады?

Ж: Қалай тоқтату намаз оқушының өз еркінде. Қаласа екінші рәкәғаттаң отырысына қайтып, сәлем береді, қаласа тәкбір айтып, бірден имамның намазына кіріп кетеді. Бұл тәкбір арқылы екі іс орындалған болады: бірінші оқып жатқан намазын тоқтату, екіншісі имамның намазына кіру.

С: Екінті намазының үкімі қандай?

Ж: Егер екінті намазын жалғыз оқып бастап, бірінші яки үшінші рәкәғатына жеткенде жамағат намазы басталып кетсе, намазын жоғарыда айтылғандай түрде тоқтатып, имамға ұйиды. Алайда төрт рәкәғат етіп тәмамдағаннан кейін нәпіл оқу ниетімен имамға ұюына болмайды. Өйткені екінті намазынан кейін нәпіл оқу мәкруһ.

С: Ал, егер таң немесе ақшам намаздарының бір немесе екі рәкәғатын оқып болғанда жамағат намазы басталып кетсе не істейді?

Ж: Егер бұл намаздардың бір рәкәғатын ғана оқыған болса немесе екінші рәкәғатының сәждесіне жетпеген болса, онда ол намазын тоқтатып, жамағатқа ұйиды. Егер екінші рәкәғатының сәждесіне жеткен болса намазын толықтап бітіреді.

С: Бұл намазын бітіріп болған соң имамға ұйи ма?

Ж: Бұл жағдайда имамға ұйымайды.

С: Бір кісі бесін немесе жұма намазының сүннетін оқып жатқанда жамағат намазы немесе жұма хұтпасы басталып кетсе не істеу керек?

Ж: Намазын екі бас етіп аяқтап, бесін намазы болса жамағатқа қосылады, жұма болса хұтпаны естуге отырады.

С: Нәпіл намазын оқып жатқанда жамағат намазы басталып кетсе не істеу керек?

Ж: Мұндай жағдайда нәпіл намазын екі бас етіп аяқтап, жамағат намазына қосылады.

С: Бір кісі таң намазына келгенде парыз басталып кетсе сүннетін не істейді?

Ж: Ол парыздың екінші рәкәғатына үлгеретініне сенімді болса сүннетін мешіттің кіре берісіне оқып алады. Ал, егер екінші рәкәғатқа үлгермейтіндей болса сүннетін тастап, жамағат намазына қосылады.

С: Таң намазын өткізіп алған адам күн шыққан соң парызбен  бірге сүннетін де оқу керек пе, әлде тек парызын орындай ма?

Ж: Күн тас төбеге келген – зауал уақытына дейін оқыса парызымен бірге сүннетін де оқиды. Ал, зауалдан кейін оқыса тек парызын оқиды.

С: Егер таңның парызын уақытында оқып, жамағатқа үлгеру үшін немесе уақыттығының тығыздығынан сүннетін оқи алмаса, оның қазасын қашан өтейді?

Ж: Мұндай жағдайда Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтардың пікірінше күн шықса да, шықпаса да сүннетін оқымайды. Ал, Мұхаммедтің пікірінше күн шыққан соң түске дейін оқып алуына болады.

С: Бесіннің парызының алдындағы сүннетін оқымаған болса қашан оқуына болады?

Ж: Парызын оқып болған соң оқиды. Намаз уақыты шыққан соң оқылмайды.

С: Мұндай жағдайда бесіннің парызын өтеп болған соң алғашқы өтіп кеткен сүннетін оқи ма, әлде соңғы екі рәкәғат сүннетін оқи ма?

Ж: Бірінші соңғы екі рәкәғат сүннетін, сосын алдыңғы төрт рәкәғат сүннетін оқиды.

С: Жұманың алғашқы төрт рәкәғат сүннетін оқымаған адым оны жұмадан соң оқи ма?

Ж: Иә. Жұмадан кейін оқиды. Мұның үкімі бесіннің алғашқы екі сүннетінің үкіміндей.

Категория: Намаз бабы
Bottom Tab Content